Қостанай облысында полицейді өлтірген қылмыскерге үкім шықты

2020-06-22 11:00:45
"Сот полиция сержанты Дархан Базарбаевтың қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болу фактісі бойынша істі қарап, сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді. Полиция қызметкері жергілікті тұрғын салған пышақ жарақаты салдарынан көз жұмған", - деп хабарлайды аймақтық alau.kz.

Іс материалдары мен куәгерлердің айтқан сөздерін және іс бойынша жүргізілген сараптама қорытындысын саралай келе, Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты айыпталушыға 19 жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Ол енді қауіпсіздік жағдайы ең жоғары мекемеде жазасын өтейтін болады.

Полиция сержанты Дархан Базарбаев пен Амангелді Сыздықовтан құралған патрульдік полиция экипажы отбасылық жанжал бойынша қоңырау түскен соң, оқиға орнына барған. Шағымданушылар тәртіп сақшыларына бұрын сотты болған 28 жастағы мас ер адамның бүкіл отбасын өлтіремін деп қорқытып жатқанын хабарлаған. Оның туыстары жанжал шығарушының ойын жүзеге асыруға ниетті екенін біліп, ол пышақ алуға бара жатқанында үйге қамап қойған.

Жанжал шығарушыны ұстау барысында солтталушы полиция сержанты Дархан Базарбаевқа пышақ жарақатын салған. Соған қарамастан полицей күдіктіні ұстап, зиян келтіре алмайтындай күйге түсіреді. Содан кейін ғана өзінің жарақат алғанын білген. Артынша есінен танып құлаған.

Оқиға орына келген жедел жәрдем полицейдің қайтыс болғанын анықтады. Ол небәрі 25 жаста болатын.