ҰБТ қашан басталатыны белгілі болды

2020-06-19 07:00:47
Биыл елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу 21 маусым күні басталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылы ҰБТ жексенбіде басталады.

"Биыл ҰБТ-ның алғашқы күні 21 маусымға, жексенбіге түсіп отыр. Бірінші күні тек 6,5 мың талапкер емтихан тапсырады, бұл тестілеудегі ең аз ағындардың бірі. ҰБТ-ның алғашқы күні 161 пунктің 51-і ғана жұмыс істейді. Оның 44-і ауылдық жерлерде орналасқан. Орташа есеппен 1 ҰБТ тапсыру пунктіне 120 адамнан келеді", - делінген хабарламада.

21 маусым мен 5 шілде аралығында тестілеу тапсырылатын ағындардың жалпы саны - 15.

ҰБТ өткізілетін әрбір пункте медициналық-санитарлық сипаттағы күшейтілген шаралар қабылданады:

дезинфекциялық тоннельден өту,
арнайы дезинфекцияланған кілемшеде аяқ киімдерді зарарсыздандыру,
дене қызуын өлшеу, қолды зарарсыздандыру сұйықтығымен өңдеу,
медициналық маскалар беру.
Тестілеуге кіргізу және отырғызу кезінде тест тапсырушылар арасындағы арақашықтықтың кемінде 2 метр болуы қамтамасыз етіледі, әрі әрбір аудитория бактерицидтік құралдармен және ауа рециркуляторларымен кезең-кезеңімен желдетіліп өңделеді.

"Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Сондықтан аудиторияны тек 50 пайызға дейін толтыруға болады. Сәйкесінше, жобалық қуаттылық ҰБТ-ны 6 күннің ішінде өткізуге мүмкіндік бергенімен, шағын ағындарды жинақтау үшін тестілеу 15 күннің ішінде жүргізіледі", - делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, биыл тест тапсырушыларға алғаш рет калькулятор пайдалануға рұқсат берілді және тестілеу уақыты 4 сағатқа дейін ұзартылып, түлектер мемлекеттік емтиханнан босатылды.