Оралда коронавирустан қайтыс болған адам аурудың барына сенбеген

2020-06-18 11:00:42
Орал қаласында COVID-19 вирусынан көз жұмған алғашқы адам тіркелді. Ол коронавирус инфекциясының барына сенбеген деп жазады «Уральская неделя».

Марқұм дәрігерлерге бармай, ауырып жатқанын да ешкімге айтқысы келмеген көрінеді. Тек, өздігімен тыныс алуы қиындаған сәтте ғана медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған. Бұл туралы БҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Каюпов мәлімдеді.

Оның айтуынша, марқұм Теңіз кенішінде вахталық әдіспен жұмыс істеген екен. Екі аптадан астам уақыт ол инфекциялық ауруханада карантинде жатқан.

«Естеріңізде болса сәуірде ауруханада тәртіпсіздіктер болған еді. Науқастар далаға шығып, наразылықтарын білдірген. Қайтыс болған азамат сол тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандардың бірі. Ол кезде науқаста коронавирус симптомсыз болған еді. Сондықтан ол дәрігерлердің айтқанына сенбей, өзін алдап жатыр деп ойлаған. Емдеу уақыты аяқталғаннан кейін біз оны үй карантиніне жібердік. Дәрігерлер оған күн сайын хабарласып, жағдайын біліп отырды. Ол бұған да ашуланып, өзіне телефон соқпауын талап ететін. Ал, жағдайы нашарлаған кезде дәрігерлерге айтпай, жасырып қалды. Тек туыстары жедел жәрдем шақырған кезде ғана оның ауыр халде екенін білдік. Ауруханаға науқас орташа ауырлық жағдайында жеткізілді. Алайда, ауруы асқынып кеткен еді, біз оны құтқарып қала алмадық», - деді Каюпов.

Еске салайық, сәуірде Оралдағы ауруханадан 30 шақты адам кетіп қалған болатын. Олар өздерінің коронавируспен ауырмайтындарын айтып, өзгелерді де бұл ауруға сенбеуге шақырған.