Ресей, Қырғызстан, Армениядан келетін көліктерге міндетті пломба қойылады

2020-05-20 09:00:55
Ресей, Қырғызстан, Армениядан келетін көліктерге міндетті пломба қойылады
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты бастамашы болып, Қазақстанға Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тасымалданатын көліктерге міндетті навигациялық пломба орнату туралы заң дайындаған. Нақтырақ айтсақ, жаңа заңды Парламент депутаттары Сапар Ахметов, Асқар Базарбаев, Серік Жақсыбеков, Павел Казанцев, Әлімжан Құртаев, Андрей Лукин, Сәкен Өтебаев, Ольга Перепечина, Мейрам Пішембаев, Нұртай Сәбильяновтар бастамашы болып әзірлеген, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

Заң жобасын осы депутаттар арасынан Павел Казанцев таныстырып, оның негізгі мақсаты қандай болатынын айтып берді. Депутаттаттардың пікірінше, Қазақстанға Еуразиялық одақ елдерінен кіретін көліктерге міндетті навигациялық пломба қоя отырып, ол көлік кейін кедендік салық немесе қосымша құн салығын төледі ме, уақытша енгізілген болса, Қазақстанда жүру мерзімі өтіп кетпеді ме, көлік жол апатына қатысты ма, жоқ па, тәулік бойы бақылап отыруға болады.

Павел Казанцев сендіргендей, шекарада міндетті навигация орнату бар-жоғы бір минут уақыт алады және оны әдейі бұзуға әрекет жасалса, ол бірден құқық қорғау органдарына сигнал береді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, транзиттік тасымалдарды қадағалап отыру жүйесін құру жөніндегі шаралар кешенін әзірлеуге қатысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді», - деп хабарлады Казенцев Мәжілісте.

Заң жобасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

«ҚОЛЫМЫЗ ҰЗЫН, ТАУЫП АЛАМЫЗ»

Заң жобасын талқылау кезде заң жобасын әзірлеуге қатыспаған депутаттар навигациялық пломбаның мүмкіндіктері мен кемшіліктері туралы сұрақ қойды. Мәселен, Бекболат Тілеухан онсыз да шекарада ұзақ кезек күтетін автокөлік тасымалдайтын адамдар одан сайын уақыт жоғалтпай ма деген мәселені көтерді. Казанцев шекара өткізу бекетінде мүлде кезек болмайды деп сендіріп отыр.

«Шынымен, мәселе қоғамда өзекті. Бірден айтайын, кезек болмайды. Өйткені, кіретін көліктердің бәріне пломба салынбайды. Өйткені, мемлекеттің сеніміне ие тасымалдаушылар бар. Пломба тек тәуекел зонасына түскен көліктерге қойылады. Оның үстіне, пломбалау бір минутта жасалады», - дейді Казанцев.

Осы заң жобасына мүдделі болып отырған құзырлы органның бірі – қаржы министрлігі. Осы сұраққа қатысты мәжіліске шақырылған қаржы вице-министрі Қанат Баеділов «пломбаны бұзған адамдарды іздеу үшін қолымыз ұзын» деп, сес көрсетіп кетті.

«Қазақстанға жыл сайын осы елдерден (Ресей, Қырғыз Республикасы, Армения, Өзбекстан - авт) келетін көліктер саны көбейіп кетті. Сондықтан міндетті навгациялық пломба орнатқалы жатырмыз. Пломбалар не үшін қойылады? Пломба ілінгеннен кейін, оны жүйеге тіркейміз, машина ары қарай кете береді. Пломбаның сигналы мемлекеттік кірістер комитетіне түседі. Осылайша, көлікті бақылап отырамыз. Көлік басқа жаққа кетсе немесе жүргізуші пломбаны жұлып тастағысы келсе, оны тез табамыз. Қолымыз ұзын... Заң қабылданғаннан кейін, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі арасында интеграция орнатылады. Жедел әрекет етуге мүмкіндігіміз бар», - деді қаржы вице-министрі.

ЖЫЛЫНА 25 МЛРД ТЕҢГЕ ТҮСІМНЕН АЙЫРЫЛЫП ОТЫР

Баяндамашы депутат Павел Казанцевтің айтуынша, Қазақстанға Еуразиялық Одақ елдерінен келетін көліктер кеден салығы мен қосымша құн салығынан жалтара отырып, қазынаны жыл сайын щамамен 25 млрд теңге түсімнен айырып отыр.

«Менің қолымда 2019 жылдың есебі бар, мысалы, әкімшілеу кезінде 6000 көлік қосымша құн салығын төлемегені, транзитпен келіп, шығып кетуі тиіс 11 мың көлік Қазақстанда қалған. Бюджет жоғалтқан ақша көлемі 25 млрд теңгеден асады», - дейді Казанцев.

Қаржы вице-министрі Қанат Баедліовтің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ алаңында тек автокөліктерді емес, түгел көлік құралдарына навигациялық пломба орнатып отыру мәселесі бұған дейін де талқыланған.

«Бірінші сатыда тек қана автомобиль құралдарына ілейік деп отырмыз. Содан кейін, тәжірибе жинап, теміржол, кемелерге де орнату көзделіп отыр. Одаққа кіретін елдермен бірлесіп транзиттік тасымалдаудың жүйесі туралы келісім жасадық. Келісімдер осы мәселелерді көтереді, яғни, басқа да көлік құралдарына навигациялық пломбы ілуді көздейді. Келесі жылдан бастап кірісеміз», - дейді ол.

Жалпы, заң жобасы мына жаңа ұғымдар мен өзгерістер енгізуді көздеп отыр:

- «халықаралық тасымалдарды қадағалап отырудың ақпараттық жүйесі», «электрондық сәйкестендіргіштер (навигациялық пломбалар)» ұғымдарын енгізу;

- Қазақстан Республикасының Үкіметіне халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беру;

- халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды белгілеу;

- электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу.
Просмотров материала: 0