«1 маусымнан барлық мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын штаттық режимде қайта бастау жоспарлануда. Сондай-ақ арнайы ұйымдар, психологиялық-медициналық әрі педагогикалық консультациялар, психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері, оңалту орталықтары 18 мамырдан жұмысын бастауға дайын. Ерекше білімді қажет ететін әр баламен жеке жұмыстар жүргізіледі», - деді Ш.Қадырова әкімдік брифингінде.
Ал 18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі барлық білім беру мекемелері кезекші топ режимінде жұмыстарын бастайды.
«Балабақшалар санитарлық-дезинфекциялық нормаларды сақтай отырып, баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ жұмыс істейтін ата-аналар үшін, одан кейін ғана басқа ата-аналардың қалауы бойынша балаларды қабылдайды. Әрбір мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтарында бала саны 15-тен аспауы тиіс. Егер балабақшаға келмеген жағдайда, баланың орны сақталады», - деді басқарма басшысы.
Егер балабақшада бір топта бала саны 15-тен асатын болса, тағы да басқа кезекші топтар ашылады. Ата-аналар балаларын орталыққа апаратыны туралы бір күн бұрын айтуы керек.
Қандай да бір сұрақ туындаған жағдайда білім басқармасының колл-орталығына 55-68-83, 55-68-73 немесе 1445 телефондары арқылы хабарласуына болады.