Балабақшалар қашан ашылады

2020-05-12 11:00:40
Бүгіннен бастап бірқатар жұмыс орындары ашылып, азаматтар еңбек етуге кірісті. Десе де, отбасылы тұрғындар үшін бұл тағы бір мәселенің бетін ашып берді. Кешелі бері осы топтың өкілдері балаларын қайда қалдырарын білмей абдырап қалған екен. Елеңдемей еңбек ету үшін қам жасалса жарасады. Ал, балабақшалар балдырғандарды қабылдауға дайын ба? Жалпы мектепке дейінгі мекемелердің хал-ахуалы қандай? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Төтенше жағдайдан кейінгі тіршілік жанданып келеді. Азаматтар кезең кезеңімен қызметтеріне кіріскен. Осы ретте, балаларын бақшаға қалдырып үйренген ата-аналардың көңілі күпті. Олар туындаған мәселе алдағы уақытта оңды шешімін тапса, дейді.

Альбина Әтен, қала тұрғыны:

"Мектептердің және балабақшалардың жабық болуына байланысты бүгін ұлымызды ата-әжесіне қалдырып кеттік. Көптеген ата-аналардың көкейінде жүрген мәселе, сұрақ осы шығар деп ойлаймын. Себебі, оқу жылы әлі аяқталған жоқ. Балаларды оқыту керек, бір жағынан жұмыс та істеу керек. Осы мәселе жұмыс берушілер тарапынан, мемлекет тарапынан қарастырылса деген бір үміт бар".
Бұл наурызға дейін тіршілігі қайнап, тәрбие алып жатқан балдырғандардың жүзі жайнап жүрген кезі. Онға жуық адамды жұмыспен қамтыған елордадағы жекеменшік балабақшалардың бірі. Қазір жабық. Карантин кезеңі қызметкерлерге ауыр соққаны туралы мекеме басшысы айтады.

Аслан Қаженов, балабақша директоры:

"Қызметкерлер кәдімгідей үлкен қиындықтарға тап болды. Әлеуметтік мәселелерге қатысты тіпті кейбірі несиеге, қарызға азық-түлік сатып алған кездері болды. Міне осындай жағдайлар өте қиын. Осының бәрін көре тұрып қолдан келетін ештеңе жоқ екені өкінішті".
Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы вирус жұқтырғандардың саны жеті күнде жеті пайыздан аспаса ғана жанданады. Еліміздің бас санитарлық дәрігері осындай жарлық шығарған. Балабақшалар ашылғанның күннің өзінде қатаң талаптарды сақтауы міндет.

Балабақшаларға қойылатын талаптар:

Балабақшаларда жас ерекшелігіне қарай 15 баладан аспайтын бір топтан ашуға рұқсат беріледі.

Тәрбие орталығы балалардың ыстығын күнде тексеруге және ЖРВИ белгілері бар жоғын анықтауға міндетті.

Ауру белгілері анықталып жатса маман мен бала мекемеге кіргізілмеуі тиіс.

Егер бала 3 күн балабақшаға бармай қалса, жергілікті педиатрдан анықтама алып келуі керек.

Бақшада антисептик құрылғылары орталуы қажет.

Ғимарат ішіне кварц орнатылып, бір сағат сайын 15 минут желдетіліп отыруы міндет.

Мекеме ішінде күніне екі мәрте дефинфекциялық жұмыстар жасалуы қажет.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің жарлығынан үзінді:

Жұмыс біртіндеп жанданғанның өзінде біраз қиындықтар туындайтыны сөзсіз. Жекеменшік бақшалар ғимарат ақысы, қыметкелердің еңбек төлемі, коммуналдық төлемдер мен басқа да шығындарды бірджақты қылу үшін уақыт керек екенін алға тартады.
Аслан Қаженов, балабақша директоры:

"Жеке балабақшалар осындай жағдайларға қатысты ешқандай талаптармен ешқандай заңдармен қорғалмаған деуге болады. Ғирамат қожайыны ақыны толық не жартылай төлеуге міндетті түрде мәжбүрлеуі мүмкін. Мұндай жағдайлар болған. Біз басқа балабақша басшыларымен байланыстамыз. Кейбірін карантин жағдайына қарамай ақысын төлеуге міндеттеген".

Төтенше жағдай режимі алынып, карантин жеңілдетіле түссе, қызметке оралатын азаматтардың саны артпақ. Бүгінгі көтерілген мәселе бір парасы ғана. Осыны ескере отырып, құзырлы органдар ертеңнің қамын бүгін ойласа игі еді.

Просмотров материала: 0