Роман Скляр Мақтаарал ауданындағы су басқан ауыл тұрғындарымен кездесті

2020-05-06 15:00:49
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр Түркістан облысының Мақтаарал ауданына барды. Онда Үкімет басшысының орынбасары су басқан ауыл тұрғындарымен кездесіп, оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Президенті Мақтаарал ауданының судан зардап шеккен бірде-бір тұрғыны көмексіз қалмайтынын айтты. Сол себепті, сіздерге тек түсініктік танытуды сұраймын. Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі. Президент Үкіметке Өзбекстандағы су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су басқан ауылдардың тұрғындарына жан-жақты материалдық көмек көрсетуді тапсырды» , - деді Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр.


Осы жағдайға байланысты арнайы үкіметтік комиссия құрылғаны белгілі. Оны Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басқарады. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен құрамында орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары бар жұмыс тобы Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

Комиссия шығынды шұғыл түрде есептеу жұмыстарын жүргізеді. Ең алдымен тұрғын үйлер қалпына келтіріледі. Сонымен қатар инженерлік, көлік, әлеуметтік инфрақұрылым ретке келтіріледі.

Комиссия арнайы техника әкелген Өзбекстан мемлекетінің өкілдерімен де кездесті. Су астында қалған ауылдарды тазалауға көрші елден көмекке келген 50-ге жуық техника жұмылдырылды.
Просмотров материала: 27