Түркістан облысының полицейлері су ортасында қалып қойған екі тұрғынды құтқарды

2020-05-06 09:00:47
Түркістан облысының полицейлері су ортасында қалып қойған екі тұрғынды құтқарды
Мақтаарал ауданында су басқан ауылдарда жұмысын атқарып жүрген полицейлерге, Фирдоуси ауылының тұрғындары хабарласып, ферма аумағында қалып кеткенін айтып хабарласқан. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Polisia.kz.

«Хабар жеткен соң бекітілген учаскелік полиция инспекторы жанына еріктілерді алып, су басқан Фирдоуси ауылына қайықпен шұғыл жетті. Жан-жақты мұқият қарап шығып, қалып кеткен тұрғындарды іздеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде судың ортасында қалған екі тұрғынды тапты. Тез арада қайықтың бағытын сол жаққа бұрып, оларды қайыққа отырғызып, басқа адамдардың жоқтығына көз жеткізген соң екі жас жігітті қауіпсіз аймаққа шығарды», - делінген хабарламада.

Суда қалған тұрғындар жылқы іздеп шығып, кері қайта алмай қалған. Жоқ іздеген екі жігіт құтқарушы полицей мен еріктілерге шынайы алғысын білдірді.

Полицейлер «дүние-мүліктеріңіз үшін осындай көзсіз батырлыққа барудың қажеті жоқ. Ең бастысы- өз өмірлеріңіз. Су басқан үйлеріңізге, қора-жайларыңызға кіреміз деп, басыңызды қатерге тікпеңіздер. Бұл ауылдарға мүлдем кіруге болмайды» деп тұрғындарды сабырлыққа шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.