Парламент көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көтеруге арналған заңды қабылдады

2020-04-30 11:00:43
Парламент көпбалалы отбасыларға жәрдемақыны көтеруге арналған заңды қабылдады
Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасына Парламент депутаттары бастамашылық етті. Аталған құжат балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету және көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында әзірленді.

«Өздеріңізге мәлім, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмілетке толмаған 4 және одан көп балалары бар отбасылар үшін жаңа жәрдемақы енгізілді. Ол отбасының кірісіне қарамастан 42 496 теңгеден бастап 74 388 теңгеге дейінгі сомада тағайындалады. Көпбалалы отбасындағы балалардың жәрдемақы алу құқықтарына нұқсан келтіруді болғызбау мақсатында заң жобасында 8 және одан көп балаларға арналған жәрдемақының мөлшерін төрт айлық есептік көрсеткіштен, әрбір кейінгі балаға 10 мың теңгеден астам белгілеу ұсынылып отыр», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.

Осылайша, сегіз баласы бар отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 84 832 теңгені, тоғыз балаға – 95 436 теңгені, он балаға – 106 мың теңгені, сондай-ақ одан кейінгі әр балаға төрт айлық есептік көрсеткішті құрайды.

«Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына қарағанда, елімізде 8-15 баласы бар 2 451 отбасы тіркелген», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қаңтар айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бала саны жетіден асатын отбасыларға жәрдемақы сомасы артатынын айтқан еді.


Просмотров материала: 0