Қытайда "Қара жорға" билеген қазақ дәрігерінің кім екені анықталды

2020-04-29 07:01:20
Қытайда "Қара жорға" билеген қазақ дәрігерінің кім екені анықталды
Қытайда "Қара жорға" билеп, танымал болған қазақ дәрігерінің кім екені белгілі болды, - деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.

Бахаргүл Толқын телеарна тілшілеріне берген сұхбатында үйіне оралғанын айтқан. Ол - Шыңжаңның тумасы.

Хируг-дәрігер екі ай бойы, ең қауіпті ошақ Уханда болып, науқастарды емдеуге көмектесіпті. Білікті маман қатерлі дертпен күресе жүріп әдемі биімен емделушілердің көңілін көтерген еді.

Дәрігермен қауышуға туған-туыстары ғана емес, көрші-қолаңдары да жиналып, ыстық ілтипатын білдірген. Құшағы гүлге, жүзі нұрға толған дәрігердің құрметіне қазақтың игі дәстүрімен шашу шашылды. Мәре-сәре болған жұрт "Қара жорғаны" тағы бір мәрте биледі. Қарсы алуға келген өзге ұлт өкілдері де қазақтың биін билеуден қалыс қалмапты.

Баһаргүлдің отбасын көрмегеніне 3 айға жуықтаған. Ата-анасын, жолдасын, әсіресе ұлын қатты сағынғанын айтады. Індетті жеңіп, үйіне аман-есен оралған сәті кең дастархан басында жалғасты. Бауырсақ, құрт, қазы-қарта, шұжық. Қандастарымыз жырақта жүрсе де, қазақтың дәстүрін ұмыт қалдырмапты.