Алматы облысында бас көтерген саудагерлер жалға алу ақысын төлемейтін болды

2020-04-23 17:00:43
Алматы облысында бас көтерген саудагерлер жалға алу ақысын төлемейтін болды
Іле ауданы Боралдай кентіндегі «Алатау» базары бастығының талабына наразылық білдірген 30-ға жуық саудагердің бас көтергені туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Олардың айтуынша, басшылық жұмыс істемеген күндер үшін жалға алу ақысы мен коммуналды қызмет ақысын сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Карантин режиміне қарамастан саудагерлерді жаппай жиналуға итермелеген жағдайға аудан әкімдігі араласты. Әкім Бағдат Қарасаев жедел комисия құрып, тексеріс жүргізген. Екі жақты келісімнің нәтижесінде, кәсіпкерлер жалға алған орындар үшін төлем жасаудан толықтай босатылды.

Ақпараттық порталында жарық көрген мақалаға байланысты келесіні хабарлаймыз: Азық-түлік емес сауда орындарын жалға алушылар мен базар әкімшілігі арасында 22 сәуір күні кикілжің болды. Жалға алушыларға мамыр айының төлем ақысын төлеу туралы хабарлама келіп, оған 20-30 шақты кәсіпкер наразылық білдірген. Аталған жайтқа байланысты құрамында аудан әкімінің орынбасары Н.Құматаев, Боралдай кентінің әкімі Д.Қоңырбаев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Жасымбеков, Іле ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы М.Енсебаева бар комияссия құрылды. Тексеріс барысында кәсіпкерлердің төлемі тоқтатылды. Базар басшыларына ауызша ескерту берілді. Егер аталған оқиға қайталанса ҚР ӘҚ бұзушылық кодексінің 467 бабының 6 тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылады», - деді Алматы облысы Іле ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақтияр Талғатұлы.

Әкімдіктің ақпаратынша, «Алатау» сауда орталығында 80 дүкен бар. Ондағы кәсіпкерлер Алматы облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13.04.2020 жылғы №6 қаулысының 5 бөліміне сәйкес төлемнен босатылған.
Просмотров материала: 0