Ақтау полицейлері жезөкшелерге қамқорлық көрсетіп, коронавирусты өршіткен

2020-04-23 11:00:38
Ақтау полицейлері жезөкшелерге қамқорлық көрсетіп, коронавирусты өршіткен
Маңғыстау облысы полиция департаментінің лауазымды қызметкерлері Ақтау қаласында шетелдіктердің жезөкшелер ордасының жұмысын заңсыз жүргізуіне қамқорлық көрсеткен. Бұл жайында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов айтты, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Облыс аумағында енгізілген карантин режиміне қарамастан, полиция қызметкерлері жезөкшелер ордаларының заңға қайшы жұмысын тоқтатуға әрекеттенбей, қамқорлық көрсетуді жалғастыра берген. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдардың жезөкшелікпен айналысатын шетел азаматтарымен байланыста болғаны туралы ақпаратты жасырып қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша қызметі пара алу, қызметін асыра пайдалану, жезөкшелік ордаларының жұмысын ұйымдастыру, адам өміріне қауіп тудыратын жағдай туралы ақпаратты жасыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - деді Қ.Жапақов.

Қазір жезөкшелер ордасында жұмыс істейтіндерді қоса алғанда 87 адам карантинге алынып, оқшауланған. Олардың ішіндегі 2 шетелдік азаматтан коронавирус анықталыпты.

Еске салайық, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша жемқорлық фактісімен ұсталғандардың көбі Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері екенін мәлімдеді.
Просмотров материала: 0