Алматыда 40 студент коронавирус жұқтырған

2020-04-22 15:00:40
Алматыда 40 студент коронавирус жұқтырған
Алматыда 40 студент коронавирус жұқтырған, ал мектеп оқушылары – 15, басқа елден келгендер – 38. Бұл туралы Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин брифинг барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ .

Оның айтуынша, 21 сәуірде сағат 23.00 кезіндегі жағдай бойынша Алматы қаласы аумағында 693 коронавирустық инфекция тіркелген.

Вирус жұқтырғандар ішінде 40 студент бар, ал мектеп оқушылары – 15, басқа елден келгендер – 38, шекара қызметі академиясының курсанттары – 67, авиация қызметкерлері – 2, зейнеткер – 40, жұмыс істемейтіндер – 55. Ең басым контингент медицина қызметкерлері – 383 жағдай. Оның ішінде Орталық қалалық клиникалық ауруханада – 263 жағдай тіркелген. Сондықтан бірінші кезекте медицина мамандарына назар аударып жатырмыз. Өкінішке қарай осы аурулардың арасында 7 санитарлық қызмет өкілі бар. Себебі олар да алғы шепте жұмыс істеп, күдікті адамдардан сынама алуда, - деді Бекшин.

Сонымен қатар, ол вирус жұқтырғандардың жас мөлшеріне тоқталып өтті. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 3,1% екен.
Ересектердің арасында ауру басым, оның ішінде 15-19 жас 43 жағдай немесе 6,3%. 20-29 жас аралығындағылар – 212 жағдай, бұл 31,3% құрайды. 30-39 жас аралығындағылар – 129 жағдай немесе 19%. 40-49 жастағылар – 116 немесе 17%, 50-59 жас – 115 жағдай, бұл да 17%. Ал 60 жастан жоғарылар -42 жағдай немесе 6,2 %.

Қазіргі уақытта 12 400 байланыста болған адам анықталды, оның 2 248-і жақын байланыста болған, қалған 10 мыңы әлеуетті байланыста болғандар қатарында. Қазір де алдын алу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. №12 клиникалық перзентхананың 400-ден астам қызметкері карантинде болды. Олардың ішінде 174 адам вирус жұқтырған, 249-ның нәтижесі теріс болды, - деді ол.
Просмотров материала: 0