Сап-сау дәрігерді коронавирус жұқтырды деп ауруханаға жатқызбақ болған

2020-04-15 13:00:41
Сап-сау дәрігерді коронавирус жұқтырды деп ауруханаға жатқызбақ болған
Алматыдағы зертхана мамандары COVID-19 сынамасының қортындысын шатастырып алған. Нәтижесінде, сап-сау дәрігерді оқшаулап, инфекциялық ауруханаға жатқызбақ болған. Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Гаухар Әміреева 11 сәуір күні тапсырған тесті теріс нәтиже көрсетсе де, оны күштеп «Көктем» шипажайынан алып кетпек болған. Клиникалық аурухананың бөлім басшысы осы олқылықты жоюды талап етті, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Біз 11 сәуір күні тесті тапсырдық. Бәріміз коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғанбыз. Мен қайталап анализ тарсырған жоқпын. Өйткені, теріс нәтиже шыққаны қолымда тұр. Ендеше, мені қандай себеппен оқшауламақшы?», - дейді карантинде жатқан гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әміреева.

Алматыдағы «Көктем» шипажайында бүгінгі таңда Орталық клиникалық аурхананың 60-қа жуық қызметкері карантинде жатыр. Осы жағдайға байланысты наразылық танытқан қалалық орталық клиникалық аурухана қызметкерлеріне басу айту үшін Нұр-Сұлтан қаласынан Денсаулық сақтау вице-министрі түнделетіп арнайы келді. Вице-министр Камалжан Надыров пен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев бұл қателік үшін медицина қызметкерлерінен кешірім сұрады.

«Біздің медицина қызметкерлеріміздің аты мен тегі ұқсас болған. Фамилиясы А-дан басталып, Г-мен аяқталған. Сол үшін әріптесіміз қателік жіберген. COVID-19 анықталған басқа адамның анықтамасын осындағы әріптесіміздің анықтамасымен шатастырып алған. Байқаусызда болған қателік, олар тиісті жазасын алады», - деді басқарма басшысы.

Вице-министр мен басқарма басшысы енді мұндай қателік жібермеуге уәде берді. Алматыдағы зертханада медициналық қызметкерлерінің қауіпті індетті жұқтырған-жұқтырмағанын анықтау үшін тек күніне 900-1000 аралығында сараптама жүргізіледі екен.

«Мұндай қателіктер аз болсын дейміз. Қазір осындай қиын сәтте кінәліні анықтап отыратын уақыт емес. Бүкіл ел сіздерге қолдау білдіріп жатыр. Бәріңіз алдыңғы шепте жүрсіздер. Сіздердің мен біздің міндетіміз – қызметті лайықты атқарып шығу. Біз өз тарапымыздан сіздерді барынша қорғауды қамтамасыз етеміз», - деді вице-министр Камалжан Надыров.

Еске сала кетейік, Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухананың 147 қызметкері коронавирус жұқтырған. Осыған байланысты 14 сәуірде аурухана басшысы болған Алмаз Джувашев қызметінен босатылып, мекеме басшысының міндетін атқарушы болып Марат Абдуллаев тағайындалды.
Просмотров материала: 0