Түнде балконда ән салатындар әкімшілік жауапқа тартылады – полиция

2020-04-14 15:00:45
Түнде балконда ән салатындар әкімшілік жауапқа тартылады – полиция
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов тұрғындарға бірқатар ескерту жасады. Оның айтуынша, көпшілік арасында медициналық масканы тағу/тақпау туралы сұрақ көп, деп хабарлайды AzattyqRuhy.kz.

«Масканы тағу керек. Себебі, сіз инфекция тасымалдаушы болуыңыз, немесе вирус жұқтырып алуыңыз мүмкін. Егер, адам ауырғанын біле тұра маска тақпайтын болса, бұл қылмыстық жауапкершілік болып есептелетінін ескертемін. Полиция міндетті түрде маска тағуға кеңес береді. Бұл – карантин режимінің нормасы», - дейді ол.

Сондай-ақ Ержан Сәденов карантин режимін сақтау кезінде үйдегі ересектер балалардың қауіпсіздігіне мейлінше көңіл бөлуге шақырды. Төтенше жағдай кезінде Нұр-Сұлтан қаласында екі бала терезеден құлап, бірі мерт болған.

Одан бөлек, департамент басшысы кешкі және түнгі уақытта тыныштық сақтауға шақырды.

«Карантин кезінде үйде отыру қиын екенін түсінеміз. Сонда да сіздерден 23.00-ден кейін тыныштық сақтауды сұраймын. Мұның терезеден және балконнан ән айтуға да қатысы бар. Тыныштық бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатындығын ескертемін», - деді Ержан Сәденов.