Алматы облысында бүгінгі таңда Алматы – Нұр-Сұлтан автомобиль жолының 45-59 шақырымында, Алматы – Бішкек жолының 25-27 шақырымында шұңқырларды жамау жұмыстары басталды. Жөнделетін жолдардың жалпы ауданы 80 мың шаршы метрді құрайды. Аталмыш жұмыстар екі ай ішінде аяқталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, осы аумақта жолдардың қозғалыс бөлігін таңбалау, жарықтарды жою жұмыстары басталды.
«Түркістан облысында Жызақ – Гагарин – Жетісай – Асықата – Сарыағаш – Жібек жолы жолында шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, жолдың қозғалыс бөлігін таңбалау, жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталған.
Жамбыл облысындағы жолдардың 8 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда. Жол қызметтері мұндай жұмыстарды Алматы – Ташкент – Термез жолының 239-240 шақырымында аяқтаған. Қазіргі таңда жолдарды таңбалау және жол бойын тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан жолдарының шамамен, 484 мың шаршы метрінде шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілмек. Жолдардың 28 мың шақырымы таңбаланып, 12 мың жол белгілері ауыстырылады деп жоспарлануда.