Министр шағын және орта бизнестің жекелеген санаттары үшін салықтық ынталандыру көзделіп отырғанын айтты. Бұл – ірі сауда объектілері, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер мен спорт нысандары.
"Бұл санаттағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді бір жылға мүлік салығынан босату ұсынылып отыр", - деді Дәленов үкімет отырысында.
Сонымен қатар бір тоқсанға өсімпұл есептеуді тоқтату, үшінші тоқсан үшін салықтық есептілік мерзімін ауыстыру қарастырылған.
Бұдан бөлек, үкімет "Бизнестің жол картасы-2025" және "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламаларын синхрондау аясында кәсіпкерлерді несиелендіру 400 миллиард теңгеден 1 триллион теңгеге дейін ұлғаяды.
"Ақша, ең алдымен, импортқа тәуелділікті төмендету және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өнім өндірушілерге беріледі", - деді министр.
"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы бойынша несиелендірудің жоғарғы шегі 7 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Ағымдағы шығыстарды жабу үшін бизнестің айналым қаражатын қаржыландыруды кеңейту ұсынылады.
Екіншіден, кредит бойынша түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі біріктіріліп, 6 процентті құрайды.
"Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасында салалық шектеулер алынып тасталады. "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасында басым тауарлар тізбесі кеңейтіледі.