Қостанай облысына зымыран қалдығы құлады
Қостанай облысының Ақкөл ауылына жақын маңда зымыран қалдықтары құлады. Зымыран фрагменттерінің суреттері әлеуметтік желілерде тарап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, 7 ақпан күні Байқоңырдан OneWeb ғарыш аппараты ұшырылған. Ұшу трассасы Қостанай облысынан өткен және зымыран қалдықтары сол маңға құлаған.

Қостанай облысы Жангелді ауданы әкімдігінің өкілдері қалдықтар үш күннің ішінде жиналғанын мәлімдеді.

«OneWeb халықаралық бағдарламасын орындау миссиясы болған. Қалдықта ешқандай зиянды зат жоқ және жанармай төгілмеген. Жауапты органдар қалдықтарды 9-10 ақпан күндері жинап алып, утилизацияға жіберді», - деді Жангелді ауданы әкімінің орынбасары Дінмұханбет Бидашев.

Жергілікті әкімдіктегілердің айтуынша, бұл жағдайдан тұрғындардың ешқайсы зардап шекпеген. Қалдық құлардың алдында оның болжамды түсетін орны мен уақыты жайлы халыққа ескертілген.
Просмотров материала: 0