
Еліміздегі этникалық проблемаларға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін өткен жылы 64 миллион теңге бөлінген. Ұлтаралық татулықты қамтамасыз етуші - Қазақстан халқы Ассамблеясының бюджеті кешелі-бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр.
Еліміздегі тұрақтылыққа жауапты ұйымға бөлінген миллиондар мұнымен бітпейді. Түрлі концерт, фестивальдардің өзіне бюджеттен жалпы сомасы 80 миллионнан астам қаржы кеткен. Қоғам белсенділері қыруар қаражаттың нәтижесін көрмей отырмыз дейді. Ал Ассемблея бюджет ақшасын көзделген мақсатқа жұмсады ма?
Бейбітшілік пен келісім туралы сөз болғанда алдымен ойға Қазақстан халқы Ассамблеясы оралады. Ал елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуде бұл ұйымға үлкен жүк артылатынын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы қадап тұрып айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы:
"Құқық қорғау орындарының да жіберген қателіктері бар. Жергілікті әкімшіліктер, облыс, аудан әкімдіктері қайда болды? Біздің Ассамблеямыз бар. Ассамблеяның ешқандай өкілеттік құқығы жоқ. Дегенменен, сондай мәселелер шығады деген жерлерді Ассамблея бәрін біліп отыруы керек".
Иә, біліп-қадағалап отыруы тиіс еді. Осы бағыттағы жұмысты жүргізуге қазынадан қыруар қаржы бөлінуде екен. Күні кеше Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясына қанша қаржы қаралғанын жариялады. Сандарды сөйлетсек.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруға 2019 жылы бюджеттен 119 миллион теңге бөлініпті. Тағы 15,2 миллион теңге этникалық топ өкілдерінің фестивальдеріне жұмсалған. Ал Ассамблеясының концертін өткізу 70,9 миллион теңгенің айналасында. Бұл қаражат биыл тағы артпақ. 4 миллионға. Қош. Бұдан бөлек, этникалық проблемаларға ғылыми зерттеулер жүргізу үшін де аз ақша бөлінбепті. 64 миллион теңге.
Жұмамұрат Шәмші, қоғам белсендісі:
"Тілін, дінін, дәстүрін, әдет-ғұрпын дамытуға қыруар қаржы бөлініп жатыр екен. Мемлекеттік бюджеттен және республиканский бюжеттен бөлінеді екен. Осынша игерілген ақшаны олар деген қайда жұмсап жатыр? Ешкім есеп бермейді. Ешкім білмейді. Кез-келген жерде кикілжің болып қалатын болса, егер де ол шынында да ұйым болатын болса, шынайы ұйым болатын болса, бірінші баруы керек. Бердібек Сапарбаевтан комиссия түзілмей жатып солар ортасында жүруі керек".
Мәжілісмен Азат Перуашев та Ассамблеяның жұмысына серпін керек дейді. Оның сөзінше, халыққа мейілінше жақын болуы керек.
Просмотров материала: 0
Комментарии