"Шалға дейін кезекте тұрады": Бекболат Тілеухан мәжілісте маңызды мәселені қозғады
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан лотереяның жұмысына қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды Sputniknews.kz.

Депутаттың айтуынша, қазір сауда үйлері мен дүкендерде, базарларда орнатылған лото терминалдарда жасқа шектеу жоқ.

"Кішкентай баладан бастап шалға дейін ойнау үшін кезекте тұрады. Мектеп жасындағы балалардың ойнап жатқанына ешкім назар аударып жатқан жоқ. Бақылап жатқан ешкім жоқ. Бұл балалар үшін өте қауіпті жағдай. Құмар ойындардың бастамасы осыдан", - деді Тілеухан мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, құмар ойындардың зардабы орасан зор, қаншама отбасы бұзылып жатыр.

"Мен бұған лотереяны кінәлап жатқан жоқпын, соған апаратын жол сияқты. Ұрпақты сақтандыру мақсатында айтып отырмын. Бұл әрекеттер қоғамға қауіп туғызатындықтан, қатаң түрде шектеу қою керек", - деп толықтырды депутат.

Мәжілісмен лото терминалдарда жас ерекшелігі ескерілген функциялар орнатылуы керек деп санайды.
Просмотров материала: 0