Қазақ тойының рационалды еместігіне кішкентай балалардың да көздері жеткен - Салтанат Байқошқарова

2020-01-22 09:00:16
Қазақ тойының рационалды еместігіне кішкентай балалардың да көздері жеткен - Салтанат Байқошқарова
"Той мен құдалықта отырып, бос өткізген уақытымызды аяймын. Жастарға үйлену тойының (шығын) шығысын үнемдеуді айтып, театрландырылған қойылым-көріністердің қажеті жоқтығын түсіндіріп жүремін.

Бірде көршіміздің ұлы үйленді. Жақын араласатын болғандықтан, жұбайым екеуіміз екі жақтың құда түсу, сырға салу, ұзату той, үлкен той, ертеңіне құда күту (кіші тойлары) сықылды рәсімдеріне қатысамыз деп қаладан-қалаға шапқылап, бір аптадан аса уақыт жоғалтыппыз. Кіші ұлым болса қараусыз қалған... Сонда баламның айтқаны ғой: «Бір адамды неше рет үйлендіруге болады осы?» деп.

Байқасаңыз, қазақ тойының рационалды еместігіне кішкентай балалардың да көздері жеткен. Сонша әуре болып жүріп үйлендірген екі жас 3 ай болмай (жатып) мінездері келіспей ажырасып кетті. Сонда іштей қынжылдым, баламды қараусыз қалдырып, босқа өткізген уақытымыз ай деп.

Тағы да бір мәселе – көп бала туып, барлық ауыртпалықты олардың өздеріне жүктеп қою. Қазақ отбасындағы оншақты баланың жарамдысы – ересектеу біреуі, әрі кетсе екі-үшеуі. Олар (сосын) өмір бойы бауырларын тартып-сүйреп жүреді. Таныс жағдай ма? Тәжірибемде жасы ұлғайса да тұрмыс құрмаған, баласы жоқ әйелдер кездесті. Жасы 40-45-тен асса да олар нәрестелі болуға ниетті екенін айтып жатады. Жастық шағың қалай өтті десек, өзінен кіші бауырларының жағдайын жасаймын деп уақыт өткізіп алғандарын айтады.

Клиникаымыздың бірінде қызмет істейтін 39 жастағы мейірбикенің жалғыз ұлы бар. Бірде: «Клиника мүмкіншілігін пайдаланып, тағы бір бала туып алсаң қайтеді», – деп едім, – «Туып алғым-ақ келеді, бірақ күйеуім 13 баланың үлкені болғандықтан, отбасылық мәселеден әбден шаршап кеткен» деп жауап айтты. «Өзің көтере қалсаң ту, қарсылығым жоқ. Бірақ бала туу үшін ЭКО жасауға бармайсың. Ұлым бауырларын “прицеп” секілді тартып жүргенін қаламаймын. Бес-алты баланы тауып, оларды бірін біріне іліп қойғанды біздің қазақтан ғана көрдім» депті күйеуі.".

Салтанат Байқошқарова, «Экомед» клиникалары желісінің жетекшісі

Қала мен Даладан” ықшамдалып алынды
Просмотров материала: 0