"Туған қызы мен қарындасын күнде зорлайтын": елордалық әйел күйеуінен 20 жыл бойы қорлық көрген

2020-01-16 09:00:18
"Туған қызы мен қарындасын күнде зорлайтын": елордалық әйел күйеуінен 20 жыл бойы қорлық көрген
Сұмдық оқиға! 20 жыл құлдықта болған елордалық Шолпан Көшербаева басынан өткен жантүршігерлік жайттарды айтып берді. Ол 3 адамның өлімін өз көзімен көріпті. Енді дәл қазір оны да өлтіреміз деп артынан қалмай  қорқытып жүр. Басынан өткенін айтсаң, адам нанғысыз. Көзін қышқылмен күйдірген, апталап тамақ бермеген, арақты мәжбүрлетіп ішкіздіріп, зәбір көрсеткен. Сорақысы мұның бәрін  істеп жүрген бөтен адамдар емес, күйеуі мен оның туысқандары. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған адам айтса нанғысыз, сұмдық  оқиғаның басты кейіпкері - Шолпан Көшербаева бұл. Денесінің сау жері жоқ.  Тағдыры тым қиын болыпты. Ажырасқан, қолында екі баласы бар Шолпан екінші рет күйеуге шығам деп ойламапты. Бірақ, бір жыл өтпестен тағы ғашық болады. Сонысы үшін әлі күнге дейін өкінеді.

Шолпан Көшербаева, жәбірленуші:

"Менің сол кезіме қышқылды сеуіп жіберді. Не үшін деп сұрадым. Жай деді. Одан бөлек қолым кеудеме пышақ сұққан кездері болған. Жалпы, ішіп алып істемегендері жоқ".

Күйеуінің тұрақты жұмысы болмаған. Үйге күніге бөтен біреулерді ертіп, ішеді дейді. Ал арақ- шарабының ақшасын ұрлықпен тапқан көрінеді. Алайда көрмегенді Шолпан ғана көрген жоқ. Күйеуі олармен бірге тұрған туған қарындасы мен оның 5 жасар қызын күніге зорлапты. Өзі ғана емес, сырттан келген алқаш достары да.

Шолпан Көшербаева, жәбірленуші:

"Тамақты апталап бермеген кездері болған. Туған қызын да зорлайтын".

20 жыл бойы осымен қоятын шығар деп шыдап келген  Шолпанның шыдамы былтыр қазан айында таусылды. Бәрі ұйықтап жатқанда қашып кетті. Алайда полицияға бірден арыз жазса да, оны әлі күнге қабылдамапты. Өйткені полицейлер таныс-тамырым жоқ  мені емес, ауылдық әкімдікте жұмыс істейтін күйеумнің  әпкесін тыңдайды дейді Шолпан. Ал қарсылық білдірсе болды,  жындыханаға жатқызамыз деп қорқытыпты.

Талас Сағымбаев, құқық қорғаушы:

"Ол 20 жыл бойы құлдықта өмір сүрсе де, әлі күнге дейін арызымды қабылдаңызшы деп бәріне жалынып жүр. Бұл не деген масқара?  Қылмыстық істі қозғамаған. Ешқандай шара да қолданбай келеді".

Жантүршігерлік  қылмыстар жасалды делінген тұрғын үйге өзіміз де бардық. Алайда үйден ешкімді таппадық.

Ал көршілері Шолпан қашып кеткелі бері, оларды мұнда көрмедік, соған қарағанда полиция келеді деп қорыққан  ғой дейді.

Әсем көршісі:

"Иә, бұл пәтерде тұрған, бірақ міне 2 ай болды  оларды көрмедік. Үнемі айқай-шу болатын осы үйде. Бөтендер көп келетін. Бірге тұратын кішкентай балақайлары бар. Үнемі қараусыз, бет-қолы жуылмаған болып жүреді әйтеуір. Талай рет шағымдандық, бірақ нәтижесі болмады".

Шолпанның азаматтық некедегі жұбайынан тапқан екі баласы бар. Бірақ оларды көрмегеніне көп болды оның. Күйеуінің әпкесі өзіне алып кетіп, Шолпанды ата-ана құқығынан айырған көрінеді.

Ал қазір әбден қорқып, күйеуінен тығылып жүрген оның бар арманы қалған өмірін балаларымен бірге бақытты сүру.