«Қайыр қылсан, бүтін қыл» – деген АТАМ - ҚАЗАҚ. Ашық хат

2019-10-23 14:00:37
Құрметті Ғалымқайыр Мұтанұлы! 2015 жылдың шілде айында ҚР заңдарымен белгіленген тәртіп бойынша өзіңізге хат жолдап, Ұлттық Университетте ботаника кафедрасын және «Геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашылуын сұрағанмын. Өкінішке орай Университеттің тиісті лауазымды басшылары тарапынан менің өтінішімді түсінген адам болмады.



Кейін, 2016 жылы менің ашық хатымды «Дала мен Қала» газеті және «Dala news» сайты жариялады. Бұл жарияланымдар біздің қоғамымызда айтарлықтай пікір-талас тудырды. Осы пікір-таластың барысында, оған қатысушылардың 90-95% ботаника кафедрасы мен «Геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашылуы керек деген ұстанымда екені белгілі болды. Сондықтан, Сіздің университеттің тиісті лауазымдағы басшыларына осы мәселені шешу туралы нақты тапсырма бергеніңізге мен сенімді болдым. Бірақ, мәселенің шешілуі кешіге берді.

2018 жылдың соңында ҚР заңдарымен белгіленген тәртіппен Сіздің атыңызға тағы бір ашық хат жолдадым. Бұл ашық хатта Ұлттық Университеттің биоалуантүрлілік және биоқорлар кафедрасының менгерушісі М.Құрманбаеваның қызметтегі қасақана әрекетсіздігіне шағым айтылған болатын.

Осы оқу жылында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашылыпты деген хабар естідік. Осыған байланысты Сіздің жеке өзіңізге ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.

Дегенмен, маман ретінде Сізден мына мәселеге баса назар аударуыңызды сұраймын. Бүгінгі күні геоботаниктер дайындайтын кафедраның Профессор – оқытушылар құрамында геоботаник мамандар жоқтың қасында, тіпті жоқ десе де болады. Сондықтан «Геоботаник» мамандығы бойынша ғалым-геоботаниктерден профессор – оқытушылар құрамын жинақтап, солардың күшімен «Қазақстанның геоботаникасы» типтік оқу бағдарламасын (ТУП) дайындауға тапсырыс беруіңізді өтінемін.

Осы Профессор – оқытушылар құрамына шұғыл түрде Қазақстанның әр өңірінде әр түрлі қызметте жүрген профессионал – геоботаниктерді шақырсаңыз құба – құп болар еді. Олар,

- Тараз қаласынан – биология ғылымдарының докторы, профессор Мирзадинов Р.Ә.; биология ғылымдарының кандидаты, доцент Дуйсенбеков С.Л.;

- Шымкент қаласынан - биология ғылымдарының кандидаты, доцент Ибрагимов Т.; биология ғылымдарының кандидаты, профессор Исаев Е.Б.; биология ғылымдарының кандидаты, доцент Сихымбаев Ә.Е.; биология ғылымдарының кандидаты, доцент Өтебеков К.;

- Ақтобе қаласынан - биология ғылымдарының докторы, профессор Айпейсова С.А., биология ғылымдарының кандидаты, доцент Қазыкеев Е.Т.;

- Алматы қаласынан - биология ғылымдарының кандидаты, профессор Үсен Қапар; биология ғылымдарының кандидаты, доцент Мариныч О.В.; биология ғылымдарының кандидаты, профессор Шалабаев Қ.Ы.; биология ғылымдарының кандидаты, доцент Мұсаев Қ.Л.;

- Нұр–Сұлтан қаласынан - биология ғылымдарының кандидаты, Қуатбаев А.Т. Павлодар қаласынан - биология ғылымдарының кандидаты, доцент Жумадилов Б.З. және тт.б.;

Геоботаника мамандығы бойынша бакалавриат ашылып оқу жүйесінің үш сатылы стандарты толыққанды орныққаны көңілге қонады. Бірақ, бұл теңгенің немесе медальдің бір беті ғана. Теңгенің екінші бетінде ботаника кафедрасы тұруы керек екендігі – көзге ұрып тұрған ақиқат.

Толыққанды бакалавр – геоботаник, магистр – геоботаник және PhD – геоботаник дайындау үшін толыққанды оқу бағдарламалары бар толыққанды ботаника кафедрасы қажет. Сондықтан, келесі оқу жылының басталуын күтпей – ақ өз пәрменіңізбен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде Ботаника кафедрасын ашуыңызды сұраймын.

«Қайыр қылсаң, бүтін қыл» – деген АТАМ – ҚАЗАҚтың даналығын басшылыққа алатыныңызға сенімдімін.


Үмітпен және құрметпен,
биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай
Просмотров материала: 0