Жыл сайын темекі, алкоголь мен тәтті сусындар жүрек-қан тамыр аурулары, қатерлі ісік пен диабет ауруын тудырып, өлім-жітімнің 75%-на себеп болады. Ұйымның дерегінше, мұндай өнімдерге салықты 50%-ға арттыру арқылы алдағы 50 жылда 50 миллион адамның өмірін аман алып қалуға болады.

ДДСҰ өкілдері зиянды өнімдерге салынатын салықты «ең тиімді және үнемді құралдардың бірі» деп атады. Бұл тек тұтынуды шектеу әдісі ғана емес, сонымен бірге білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және әлеуметтік қорғау салаларына қосымша қаражат тарту тетігі ретінде қарастырылады.

«Салық салу арқылы мемлекеттер зиянды өнімдерге сұранысты азайтып, түсетін табысты халық игілігіне жұмсай алады. Қазір әрекет ететін кез келді», – деді ДДСҰ-ның денсаулықты нығайту жөніндегі бас директорының көмекшісі Джереми Фаррар.

Айта кетсек, 2012-2022 жылдар аралығында 140 ел темекіге салықты арттырды. Соның нәтижесінде өнімнің бағасы орта есеппен 50%-ға өсті. Нәтижесінде Колумбия, Оңтүстік Африка, Филиппин, Таиланд сияқты елдерде тұтыну азайды, бюджет кірісі артты.

Алайда көптеген елде зиянды өнім өндірушілерге салықтық жеңілдіктер беріліп келеді. Мұндай тәжірибе ДДСҰ-ның айтуынша, қоғамдық денсаулықты қорғауға кедергі келтіреді. Ұйым ұзақ мерзімді инвестициялық келісімдерді қайта қарауға және мұндай өндірушілерге артықшылық бермеуге шақырып отыр.