Тәрбиешінің балаларды жұлқылап жатқаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Компания өкілдері бұл жайтты растады.
«Тәрбиеші балаларға қатысты жол беруге болмайтын әрекетке барды. Біз мұны кәсіби этика мен мінез-құлық стандарттарын өрескел бұзу деп санаймыз. Қызметкер тиісті бап бойынша бірден жұмыстан шығарылды», – деп мәлімдеді компания өкілдері.
Bi Group компаниясында осы жайт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқаны мәлім болды.
«Біз балабақшамыздағы қауіпсіздік пен ашықтықты жақсарту үшін бар күш-жігерімізді салып жатырмыз – болашақта мұндай жағдайларды мүлдем болдырмау үшін ішкі бақылау жүйесін күшейту жұмыстары басталды. Біз болған оқиғаға шын жүректен өкінеміз және ата-аналарға сенімдері мен алаңдаушылықтары үшін алғыс айтамыз», – дейді олар.
Ата-аналар Астанадағы олигарх Айдын Рахымбаевтың компаниясына тиесілі Aldi BI жеке балабақшасына шағымдануда. Олардың айтуынша, балабақшада балаларға күш қолдану фактілері жиілеген.
Еске салсақ, бұған дейін Астанадағы №21 «Гүлдер» балабақшасында тәрбиеші көмекшісінің тарапынан балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың 19 дерегі тіркелгенін жазған едік. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр
Комментарии