Ведомство мәліметінше, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, қызметкерлерге демалу, күш-қуатты қалпына келтіру, денсаулықты нығайту және жеке мәселелерді шешу үшін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі.
«Еңбек демалысының ең аз дегендегі ұзақтығы – 24 күнтізбелік күн. Демалыстың ұзағырақ уақыты Еңбек кодексіне және басқа да нормативтік-құқықты актілерге, еңбек немес ұжымдық шартқа, сондай-ақ жұмыс берушінің ішкі құжаттарына сәйкес көзделуі мүмкін. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны, лауазымы мен жалақысы сақталады», – дейді мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің бас сарапшысы Данияр Балтабай.
Оның мәлімдеуінше, жеке санаттар үшін демалыс ұзақтығы мынандай:
— педагогтер «Білім туралы» заңға сәйкес 56 күнтізбелік күн;
— азаматтық қызметшілер үшін Еңбек кодексіне сәйкес, 30 күнтізбелік күн;
— мемлекеттік қызметкерлерге «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес, 30 күнтізбелік күн.
Ауыр, зиян немесе қауіпті жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік күн, I және II топтағы мүгедектігі бар жұмыскерлерге кемінде 6 күнтізбелік күн қосымша беріледі.
«Жұмыскерлердің басқа санаттары үшін қосымша демалыс және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының жекелеген заңдарында белгіленуі мүмкін. Демалыстың ұзақтығы демалыс кезеңіне келетін мереке күндерін есептемегенде, күнтізбелік күндерде есептеледі», – дейді министрлік өкілі Данияр Балтабай.
Оның айтуынша, бұл ереже ауысу кесетесіне немесе жұмыс уақытының режиміне қарамастан қолданылады.
Комментарии