Олимпиада комитетінің мәліметінше, кездесу Харбин-2025 қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің ресми қабылдауы аясында өтті.

Тараптар екі ел арасындағы спортты дамыту саласындағы ынтымақтастық үшін өзара алғыс білдіріп, оны одан әрі нығайтуға ниетті екендерін мәлімдеді.

«Мұндай ауқымды кешенді жарыстарды өткізу әрдайым үлкен жауапкершілікті талап етеді. Харбин-2025 қысқы Азия ойындарының ұйымдастырушыларына қонақжайлылығы мен үйлесімді жұмысы үшін алғысымызды білдіреміз. Біз ойындардың басынан бері осындамыз және ұйымдастыру комитетінің өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен орындап жатқанын көріп отырмыз. Мұны логистикалық қамтамасыз етуден бастап, техникалық қолдау деңгейі мен еріктілердің үйлесімді әрекеттерінен анық байқауға болады», – деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындары-2025 Харбинде 7-14 ақпан аралығында өтіп жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында тоғыз жүлде бар: бір алтын, бес күміс және үш қола медаль.