14 қараша сағат 01:00 шамасында 74261 әскери бөлімін бақылау тобының құрамында жетекшілік ететін 26 жастағы Дархан Дәулеттің мәйіті табылды. Желіде тараған ақпарат бойынша жігітті 3 сарбаз жабылып соққыға жыққан.
Әпкесі жігіттің Жаркенттегі әскери бөлімде қызмет еткеніне небәрі 3 ай болғанын айтады. Бұған дейін Отарда, Алматыға қызмет етіпті. Өзі жаркенттік болғандықтан, осы жерге ауысқысы келген.
“Дәулет – үйінің тұңғышы. Сол үшін ата-анасының жанында оларға қолғабыс еткісі келіп жүрді. Сәті түсіп, қыркүйекте ауысты. “Енді жұмысың қалай, ұнап жатыр ма?” деп сұрағанымда, “болады, ақырындап” деп қысқа қайыратын. Тіпті үйленіп, отбасылы болып та үлгермеді”, – деді әпкесі.
Дәулет Дарханның жақындары істің қай баппен қозғалғаны, тергеу бойынша істің мән-жайынан хабарсыз. Қорғаныс министрлігі бәрін жасырын ұстап отыр дейді. Олар тек сот-медициналық сараптама қорытындысын күтіп отыр. Алайда оларға жеткен және желіде тараған ақпарат бойынша үш сарбаз Дәулетке тиісіп, араларында жанжал шыққан. Ал тағы бір нұсқа бойынша объектілердің диверсияға қарсы жоспардан тыс оқу-жаттығуларды өткізу кезінде қауіпсіздік ережелері бұзылып, оқыс оқиға болды.
“Қатардағы жауынгерлер Нұрман Әбсадық, Бақберген Рустамұлы, Аят Шәкір капитанға жабылған дейді. Содан соң аяқ-қолын байлап, 74261 әскери бөлімінің спорт қалашығына қарай апарып, оны сол жерде қалдырып кеткен. Дәулеттің ес-түссіз жатқанын спорт қалашығының жанынан өтіп бара жатқан аға лейтенант Сүйіндік байқаған. Ол наряд пен кезекші дәрігерді шақыртты. Жедел жәрдем келгенше ол мерт болып кетті. Сарбаздарға Дәулетті ұрсын деп әскери бөлімнің командирі майор Қазтай тапсырма берген дейді”, – деді Гүлмира Мәулетқызы.
Мәулетқызы аталмыш ақпарат сондағы әскерилер арасында тарап жатқанын айтады.
“Өлімнің алдын ала себебі – қылқындыру дейді. Офицерлер чатында қауіпсіздік ережесі бұзылған деп жазылды. Сол кезде Дәулеттің аяқ-қолын байлап, сыртқа шығарып тастаған деп айтады. Шындық ашылмай қалады деп қорқамыз. “Абайсызда кісі өлімі” немесе “Қауіпсіздік шараларын бұзу” деп жалтарып кететін сияқты, бірақ ол қисынға сыймайды”, – деді марқұмның жақыны.
Stan.kz тілшісі қорғаныс министрлігінен жағдай бойынша пікір сұрады.
“14 қарашада диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс сабақтар өткізу барысында қауіпсіздік шараларын бұзу салдарынан Жаркент гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің офицері алған жарақатынан мерт болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етілмейді.
Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтады, оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі”, – деп мәлімдеді құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі Меруерт Мақашева.
Дереккөз: Stan.kz