Қарағанды облысының полиция департаменті хабарлағандай, үш адамның өлімінен зорлық-зомбылықтың белгісі табылмаған.
«Кешкі Қарағанды» газетінің жазуынша, Теміртау қаласы Уәлиханов көшесінің бойындағы үйде орналасқан пәтерден қаңсылаған иттердің дауысы шыққан. Оның үстіне, уақыт өте келе пәтерден сасық иіс тараған. Көршілердің шақыртуы бойынша оқиға орнына жеткен құтқарушылар сұмдық көрініске тап болған.
«Құтқарушылар есікті бұзып кіргенде алдарынан питбул иттер үріп шыққан. Кинологтар иттерді ұстап алған соң, полиция ішке кіріп, үш адамның мәйітін тапқан», — деп жазады дереккөз.
Ал, Қарағанды облысының полиция департаменті үш адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.
«Мәйіттерден зорлық-зомбылықтың белгілері табылған жоқ. Олардың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір өлімнің нақты себебін анықтау үшін тергеу жүріп жатыр», — деп хабарлады облыстық ПД.