«Әскерде әлімжеттік деген мәселе жоқ. Дегенмен, сарбаздар арасында келіспеушілік фактілері болады, бұның барлығы командирлер мен құзырлы органдардың бақылауында. Әлімжеттіктің кесірінен қайтыс болу фактілері тіркелмеген және бұл мәселе бойынша қылмыстық істер соңғы жылдарда сотқа жолданған жоқ», — деп хабарлады прокуратурадан.
Сонымен бірге, ведомство жастарды әскерге күштеп әкету фактілері бойынша қазір 5 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
«Әскерге шақырылатындарға шақырту беріледі. Олар тиісті түрде әскери комитетке уақытында келмеген жағдайда бұл азаматтар іздестіріліп, әскери басқару органдарына алынады», — делінген хабарламада.
Еске салсақ, әскерде жүрген жерінде қатты жарақат алып, ауруханаға түскен жас сарбаз Ербаян Мұхтарды әскерилер медициналық тесеруден өткіземіз деген желеумен студент екеніне қарамастан алып кеткен. Бұл туралы жігіттің анасы айтқан болатын.
Бұған дейін жазғанымыздай, 2023 жылы 27 мамырда Алматыдағы 5571 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған Ербаян Мұхтардың ес-түсін білмей ауруханада жатқанына 5 ай болған.