Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мейрамханалардың бірінде Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

«Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйелдің өліміне қатысты оқиғаны елордалық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеп жатыр», — делінген хабарламада.

Ал қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» 99-бабының 1-тармағында: «Адам өлтіру, яғни басқа адамның заңсыз қасақана өліміне әкеп соғу сегіз жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады», – делінген.

Еске салсақ, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған едік. Бұрын сыбайлас жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған экс-шенеунік түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан.