Облыстық ТЖД мәліметінше, оқиға Мирное ауылынан 15 км қашықтықта, Арқалық – Торғай облыстық маңызы бар тасжолында болған.

«Бүгін сағат 09:09-да «Газ 322131-288» маркалы автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Көліктер «IQanat» олимпиадасына қатысуға бара жатқан 66 оқушы, 3 ерікті, 6 оқытушы, 1 медицина қызметкері және 1 инспекторды алып бара жатқан. Жолға барлығы 3 «Газель» және 1 ПАЗ маркалы көлігі қатар шыққан.

Жүргізуші мен оқытушылардың үйлесімді және дұрыс әрекеттерінің арқасында 12 оқушы, 1 жүргізуші, 1 оқытушы жанып жатқан «Газельден» дерек сыртқа шығарылды және қалған 3 көлікке отырғызылды», — делінген хабарламада.

Оқиғадан балалардың өмірі мен денсаулығына еш қауіп төнбеген.

«Өрт сағат 10.25-те жойылды. Өрттің себебі – автомобильдің электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Оқиға орнына Қостанай облысы ТЖД жеке құрамның 7 адамы мен 2 бірлік техникадан тұратын күштері мен құралдары шықты», — делінген ТЖД хабарламасында.

Қостанай облысының ТЖД өкілдері автокөлік иелеріне н өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды ескертеді.