Ақтауда жасөспірімнің басынан аяусыз тепкілеген бір топ оқушы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оқиға күндіз көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің жанында болған.

Әуелі Instagram-ға салынып, артынша өшірілген бұл бейнекадрде бір оқушыны бір топ мектеп оқушысы тепкінің астына алғанын анық көруге болады. Ер баланы мектеп формасын киген 3 жігіт жерге жығып салып, үстіне секіріп, басынан асқан қатыгездікпен тепкілеген. Ал қалған 3 жігіт ажыратпай, керісінше қарап тұра берген.

Polisia.kz-тің Telegram-арнасында оқушылардың ұсталғаны жарияланды.

«Бұл дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі «Бұзақылық» бойынша СДТБТ-де тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақтау қаласының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері осы оқиғаға қатысушыларды ұстады», — делінген хабарламада.

Анықталғандай, жастар арасында ауызша жанжал болып, арты төбелеске ұласқан.