«Азаптап өлтірген»: әйел мен оның екі баласының өліміне қатысты тың дерек шықты

2022-08-09 06:27:40

 Алматыда мәйіті табылған 34 жастағы әйел мен оның екі баласына қатысты тың дерек шықты.

Істі ерекше бақылауға алған қала прокуратурасының мәліметінше, мәйіттерде зорлық-зомбылық ізі бар. Қазір адам өлтіру дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады КТК.

Еске сала кетейік, 6 тамызда «Мамыр» ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен 34 жастағы әйел мен оның 7 және 2 жастағы балаларының денесі табылған болатын.

Бесінші қабаттағы бұл пәтердің есігі қазір мөрленген. Есіктегі құлыптың бұзылып, орны үңірейіп тұрғанына қарағанда, ішке бұзып кірген деп топшылауға болады. Еденде қан ізі әлі жатыр. Ал қанды қылмыстың басқа да жай-жапсары жөнінде құзырлы орган әзірге тіс жармай отыр.

«Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Бейнематериалдар зерттеліп, куәгерлерден жауап алынуда. Қазақстан Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп тексерудің өзге деректерін жария етуге болмайды», — деп түсіндірді Алматы прокуратурасының ресми өкілі Бауыржан Төлендинов.

Қылмыстық істі тергеуді қала прокуратурасы ерекше бақылауына алды.