Құрметті достар!
Кеше өткен "Nur Otan" партиясының кезектен тыс съезін өздеріңіз көрдіңіздер. Енді өздеріңіздің алдыңызда сол іс-шараның қорытындысымен бөлісуді жөн көріп отырмын.


Бұл Қазақстанның саяси тарихындағы аса маңызды тарихи оқиға болды.
Тек қана партияның басшылығы ауысқан жоқ, елімізде саяси бағыт-бағдар ауысты.
Дәлірек айтсақ, 30-жыл мемлекетті басқарған топ саяси аренадан кетті.
Жалпы, біз министрлердің ауысуы, партияның басшылығының ауысуы жөнінде айтқанда одан ешқандай сенсация жасаудың қажеті жоқ.
Адамның табиғаты сол- біреу келеді, біреу кетеді.
Дәл сол сияқты саясатта да топтар ауысып тұруы қажет.
Ондай ауысу болмаса, саяси организм тұрып қалған су тәрізді "борсып кетеді".
Судың өзі "өлі суға" айналады.
Міне, жүріс-тұрыстың, ауысып тұрудың мән-мәнісі осында.
"Nur Otan" партиясынан осығанға дейін билеуші топ ауысып, кетті.
Міне, резюме.
***
Енді, ол топтың, әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаевтың ролі жөнінде.
Нұрсұлтан Назарбаевтың 2004-жылға дейінгі Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, Елорданы көшіру, еліміздегі экономикалық реформаларды жасау жөніндегі еңбектерін ешкім жоққа шығара алмайды.
Бұл мемлекетіміздің бұғанасының қатаюы, шаңырағының мығым болуына қосылған ерекше үлес!
Бірақ, медальдың екінші жағы да бар.
Еліміздің бүкіл халық болып жасаған экономикалық игіліктерін жекеленген топтардың еншісіне беріп қойған, халық аш-жалаңаш отырғанда сол халықтық меншікті "өздеріне бөле-жара" аударып алғанда осы топ.
Кешегі, "Азаттық" радиосы көрсеткен, Алатаудың бөктеріндегі қаншама гектарға салынған зәулім сарайларды барлығымыз көрдік.
"Недеген асқандық" деп жағамызды ұстадық.
Ал қаншама біздің 10- мыңдаған қаракөз, туған-туыс, ағайындарымыз қалада өзінің Конституциямен бекітілген 10-сотық жерлерін ала алмай, зар қақсап жүр.
Қаңтарда көшеге шыққан, сол ауылдан қалаға келіп, 10-сотық жерге ие бола алмаған өзіміздің туған-туыстарымыз.
Теңсіздік дегеніміз осы. "Әлеуметтік контраст қоғамдық алауыздықтың катализаторы" дегеніміз осы.
"Досың жылатып айтады", бұл шындықты біз айтуға дәтіміз жетуі тиіс.
Бұл бүгінгі өмір шындығы.
***
Мемлекетімізде әлеуметтік әділеттілік принциптері орнығуы тиіс.
Ауыл жастарының білімін арттырып, оларға "әлеуметтік лифт" қалыптастыру өте маңызды.
Миллиардттаған соманы ЭКСПО-ға, ЛРТ-ға жұмсадық.
Осы соманы ауыл-аймаққа салу қажет.
Ауыл біздің асыл қазынамыз!
Шекаралық аудандарды ашу керек.
***
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше партияның съезінде сөйлеген сөзінде, күзде "саяси реформалар бағдарламасы жарияланғаннан кейін, партиядан шығуы ықтимал" екендігін жариялады.
Бұл дұрыс қадам.
Президент Қазақстанның бүкіл халқының мұң-мүддесін қорғауы керек.
Ал партия өткен саяси жүйеденің қоғамдық-саяси, қаржылық-экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық организм болған.
Партияда екі жыл ішінде реформа жүріп, праймериз өткізіліп, қоғаммен тығыз байланыс тетіктері жасалды. Осы тенденцияны тереңдету маңызды.
Енді, "Nur Otan" партиясына өзінің жұмысын қоғамның, азаматтардың, адамдардың саяси, экономикалық мүдделерін қорғауға қабілетті ұйымға айналу міндеті тұр.
Өте ауыр міндет.
Осы міндет үрдісінен шыға алсақ, партия нақты "парламенттік" рең алып, прогрессивті ұйымға айналады.
Ол үрдістен шығу үшін не істеу керек екендігін партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жан-жақты айтып берді.
Барлық саяси күштерге "Ашық есік" саясаты партияның ең басты құндылығы болуы керек.
Партияға ребрендинг қажет. Атын өзгерту керек шығар.
Оны да ойлану керек.
Яғни, партияның алдында өте кұрделі, қиын, қым-қиғашы мол сапар тұр.
Партияның интеллектуалдық потенциалы, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті деп ойлаймын.
***
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да жүріс-тұрыстарының логикасын да қарастырған жөн тәрізді.
Қазақстан Республикасы өзінің саяси тарихында бірінші рет аса күрделі, шұғыл бұрылыстары көп саяси-экономикалық реформацияны басынан кешіріп жатыр.
Мемлекеттілікті сақтап қалу үшін бұл өзгерістер бақылаудан шығып кетпеуі керек.
Мемлекеттіліктен айырылып қалу бір ғана мезет екендігін "қайғылы қаңтар" көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия Төрағасы лауазымына келуінің өзі осы логикаға байланысты.
Яғни, "Nur Otan" ның Парламенттегі Фракциясын пайдаланып, Үкіметке ықпалын күшейте отырып тезірек, эономикалық эффектіге жету.
Өйткені, қазір біздің барлығымызға халыққа, азаматтарға олардың өмірінің жақсарып келе жатқандығы жөнінде нақты "сигнал" қажет.
Президент Қазақстанның мемлекеттілігі үшін жауапты бірден-бір тұлға.
Бұл өте ауыр жүк!
Сондықтан, ол кісі жүйелі түрде, бірте-бірте, жан-жағын бағдарлап, он рет ойлана отырып шешім қабылдауы қажет.
Мәселе осында.
***
Біздің баршамыздың басты құндылығымыз, ортақ шаңырағымыз- Тәуелсіз Қазақстан.
Тәуелсіз мемлекетімізді сақтап, оның бұғанасын ныңғайту әр-бір азаматтың парызы.
Бүгінгі қым-қиғашы көп заманда Тәуелсіздіктен айрылып қалу оңай, мемлекеттілікті қалпына келтіру мүмкін болмайды.
Есте сақтайтын ең басты қағидат осы.
Осынау тәуелсіздіктен айрылып қалмау үшін барлығымыз еңбек етуіміз қажет!
Ол үшін мемлекет азаматтардың алдында өзінің міндеттемелерін орындауға қабілетті, адамның өмірінің әлеуметтік стандарттарын арттыруға мүдделі болуы тиіс.
Ал азаматтар заң мен тәртіпті сақтауға құлқы жетіп, өзара алакөздіктен ада болып, ашу-ызаға ырық бермеу керек.
Ынтымақ, Ықпалдастық, Жасампаздық- басты игіліктеріміз болсын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Тәуелсіздігіміз арта берсін!

Депутат Ерлан Саировтың желідегі жазбасы