Мэриленд университетінің дәрігерлері генетикалық түрлендірілген шошқадан адамға бірінші рет жүрек трансплантациясын жасады. Жүрек ауруының асқынған түрімен ауырған науқас Дэвид Беннетт 57 жаста, деп жазады lenta.ru.

Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін хабарлады, үш күннен кейінгі реципиенттің жағдайы да ойдағыдай. Сарапшылар Беннетт үшін операция оның өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі болғанын айтады. Алдағы бірнеше апта бойы науқас медициналық бақылауда болады.

Мэриленд университетінің медициналық орталығы Беннетке адам жүрегін трансплантациялауға қарсы көрсетілімдер бар екенін мәлімдеген. Науқастың ауру тарихын зерттеген басқа жетекші трансплантация орталықтары да оған көмектесуден бас тартыпты. Жасанды жүрек қолдануға да науқастың қарсы көрсетілімдері болған.

АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) жаңа жыл қарсаңында эксперименттік операцияға шұғыл рұқсат берген, өйткені тек дереу трансплантациялау ғана науқас өмірін сақтап қалуы мүмкін болған. Фото: University Of Maryland School / globallookpress.com Беннет хирургиялық операцияның сынақ екенінен және оның қандай қатері барынан хабардар болған. Операцияны медицина ғылымының докторы, трансплантация хирургиясының профессоры Бартли.П.Гриффит жасаған. Әртүрлі ағзалар арасындағы мүшелерді трансплантациялау ксенотрансплантация деп аталады және реципиент үшін қатері көп.

Дәрігерлердің айтуынша, жасалған операция генетикалық түрлендірілген жануарлардан алынған ағзалардың иммундық жүйе тарапынан қабылдануын, адам мүшелерін тиімді алмастыра алатынын дәлелдейді. Бұл донорлық органдардың тапшылығын шешуге, сондай-ақ адам донорларынан органдарды трансплантациялауға қарсы көрсетілімдері бар науқастардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда шошқа геномы адам ағзасының қабылдамай қою қатерін төмендету үшін түрлендірілген.