Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Мәжіліс отырысында Президент қазақстандықтарға көмектесу мақсатында «Қазақстан халқына» деп аталатын қоғамдық қор құруды тапсырған болатын.

Ол қор көп шаралардың ішінде ауылдарда балаларға арналған спорт нысандарын салу, дарынды балаларға көмек көрсету мәселелерімен айналысады делінген.

Осы орайда #АуылФутбол Серік Мәмбетов жобасы жетекшісі ауылдарда спорт нысандарын салуда ең алдымен мектептегі спорт алаңдарына назар аударған жөн дейді.

“Ауыл мектептеріндегі спорт алаңдарының жағдайы сын көтермейді. Материалдық-техникалық базалары мүлдем жоқ десе де болады. Өзіміз осы ауыл футболының мәселесін көтеріп, барынша жобамыз бойынша жұмыстар да атқарып жүрміз. Біздегі басты ұсыныс ауыл мектептеріндегі спорт алаңдарын жөнге келтіруден бастау керек. Барлық бала мектепте шоғырланғандықтан футбол алаңдарын салу не қайта жөндеуден өткізу тиімді шешім болмақ. Ауыл балаларының спортпен шұғылданып, әр түрлі іс-шара мен жарыстардың өтуіне өте пайдалы болар еді”- дейді Серік Мәмбетов.

АуылФутбол жобасы 2020 жылдың басында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылында басталды. Жобаның басты мақсаты – ауылдағы балалар футболын қолдау.