2 қараша күні Алматы облысында 11 жасқа дейінгі балалар арасындағы кезекті турнир өтті. Жеңімпаз Жібек жолы ауылының «Акбарс» ФК командасы атанды. Бұл SunFinance демеушілігімен өткен төртінші турнир болды және серия демеуші #SunFinanceCup атымен аталады.
Турнирге Алматы облысының Қарасай, Жамбыл, Көксу аудандарынан 8 команда, сондай-ақ Ақмола облысының Талапкер ауылынан келген қонақ – «Спартанс» ФК командасы қатысты.
Турнир жеңімпазы болып «АкБарс» командасы аталып, медальдармен, кубокпен, сондай-ақ спорттық формалардың толық жиынтығымен және жаңа доптармен марапатталды.
2 және 3 орын алған командаларға доптар мен жаттығу жабдықтары табыс етілді. Бұл – Жамбыл ауданы, Қаракестек ауылының «Алатау-Қаракештек» командасы мен Көксу ауданы, Жетіжал ауылының «Jetijal» командасы.
Жартылай финалға өткен барлық командалар да турнирдің демеушісі, меценат және кәсіпкер Есбол Шораев бөлген ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Турнирдің ең үздік қақпашысы болып Райымбек ауылының «RedSapsans» командасының атынан шыққан 9 жасар Серікұлы Қайсар аталды, ол ең көп сейв жасады.
Ойынның ең үздік бомбардирі «Jetijal» командасының мүшесі 11 жасар Ерсін Түйешібай, ал ең үздік ойыншы «Spartans» командасының мүшесі 11 жасар Дәулетбеков Әлімжан болды.
«Менің ойымша, бұл SunFinance қолдауымен өткен ең сәтті турнирлердің бірі. Тамаша жылы ауа-райы және барлық қатысушылардың тамаша көңіл-күйі мұндай шараны өткізу үшін қажет болды. Әрине, жарыстарда кез келген адамның жолы бола бермейді, жеңіске тек үздіктер ғана жете алады. Мысалы, біздің команда үздік төрттікке кіре алмады. Бірақ балалар тәжірибе жинап, жаңа достарды тапты. Бұл балалар спортындағы ең бастысы», - дейді #АуылФутбол жобасының жетекшісі Серік Мәмбетов.
Серік Мәмбетовтың айтуы бойынша, #АуылФутбол жобасы биыл тағы бір, яғни соңғы турнирді өткізбекші.
«Біз бұл турнирді Түркістанда өткізгіміз келеді. Барлығы ауа-райының жағдайына, ұйымдастыру жұмыстары мен жергілікті қолдауға байланысты болады», - деп қосты С.Мәмбетов.
Сондай-ақ жоба өз лигасын – «Ауылфутбол лигасын» ашуды жоспарлап отыр.
«Бірақ оны бүкіл ел бойынша бірден іске қосу қиынға соғады, себебі бізде үлкен қолдау жоқ. Біз лиганы біртіндеп жүзеге асырамыз. Бірақ үлкен демеушілер мен қаржылық ресурстардың жоқтығы қатты алаңдатпайды. Біз жарнамалық ұсыныстарымызды жақсартамыз, және мен демеушілердің болатынына сенімдімін. Осы сәтті пайдалана отырып, Талапкер ауылының командасына жеке қолдау көрсеткен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа алғыс айтқым келеді», - дейді «АуылФутбол» жобасының жетекшісі.
Серік Мәмбетов жергілікті өңірлерде, ауылдарда ауыл футболын дамытуды қолға алатын белсенді азаматтардың жоқтығы немесе олардың өте аз болуы көбірек алаңдататынын айтады.
«Біз жасөспірімдер спорт мектептерін және олардың жаттықтырушыларын есепке алмаймыз, бұл мемлекеттік мекемелер. Сол себептен біздің ауыл футболын дамытудағы көзқарастарымыз әртүрлі», - деп түйіндеді С.Мәмбетов.
#АуылФутбол жобасы 2020 жылдың қаңтарында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Райымбек ауылында басталды. Идея авторы - журналист Серік Мәмбетов. Жобаның негізгі мақсаты - ауылдағы балалар футболын қолдау.
Жоба барысында 20 -дан астам турнир өткізілді, ауылдардан келген 50 -ге жуық командаға материалдық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта SunFinance қолдауымен 2022 жылдың наурызына дейін өткізілетін ауылдық командаларға футбол доптарын ұсыну науқаны жүріп жатыр.
Если вы считаете, что материал нарушает авторские права или содержит недопустимый контент — сообщите нам:
Оставьте ваш комментарий (будет видно Ваше имя):
Комментарии