Қазақ халқы бала тәрбиесіне ықылым заманнан ерекше көңіл бөлген. Ұл мен қыздың тәліміне қатысты жазба әдебиетіндегі мұра да аз емес. Тәрбие деген ұғым балаға жеткіліксіз. Себебі тәрбие ұғымының астарында баланы өзгертуге, баланың болмысын қалыптастыруға деген белсенді іс-әрекет бар. Әлемдік психологтардың айтып жүргені, қазақтың тәлімі мәселесі. Яғни, «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Сондықтан тәлім ұғымын кеңінен қарастырып көрейік.

Психолог Нұргүл Молдабайқызы әрбір бала ерекше болмыс, сондықтан бала тәрбиесі бойынша қатып қалған қағидаттың болуы дұрыс емес дейді.

Қазақтың әрбір сөзінің астарында психология жатыр. Балаға тәлім-тәрбие берудің маңызды қағидасы ретінде «баланы көру», «балаға қарауды» айтуға болады. Қазақта «балаңды кім тәрбиелеп жатыр?», «кім тәрбие беріп жатыр?» демейді. «Балаға кім қарап жатыр?» дейді. Оның болып-толуына кім көмектесіп жатыр?, дейді. Сондықтан баланы көру керек, қарау керек, өзіміз арқылы тәрбие беру керек, - дейді Молдабайқызы.

Енді «баланы қарау» мәселесіне тоқталсақ. Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Мұнда да баланың ата-ананы «көруіне» қатысты астар жатыр деп топшылауға болады. Сондықтан баланы қарау, көру процесіне әке мен ананың бірдей атсалысқаны абзал. Себебі бала екі адамның ыстық ықыласының жемісі. Оған берілген тәлім де екі тараптан бірдей келуі керек. Бұл – табиғат заңдылығы. Нәресте құрсаққа біткен соң ананың жылулығын сезуі тайға таңба басқандай. Ал әкенің бала тәрбиесіндегі орны қандай? Бүгін осы тақырыпты тәпсірлеуді жөн көрдік.

Нұргүл Молдабайқызы бала әке мен ана рөлін тек ата-анасынан алатынын айтады.

Кеңестік кезеңде отбасы мәселесіне келгенде түрлі сорақылық болғаны белгілі. Бала мен ата-анада бір-біріне жақындық қарым-қатынасы 3-5 жаста қалыптастады. Сол себепті де 6 ай-1,5 жасқа дейін баланы емізу керек. Ал кеңестік кезеңде кез келген ана балабақшаға баласын тапсырып, жұмысқа шықты. Онда жақындық қарым-қатынас орнатылмады. Кеңестік кезеңде туған балалар уызға жарымаған. Ал уызға жарымаған адамның өзгеге деген жылулығы аздау болуы мүмкін. Бұл – табиғат заңы, - дейді психолог.

Оның айтуынша, сол кезеңнің отбасылары әке деген кім екенін білмей, тек қоғамдық қызметке араласатын тұлға ретінде қабылданғанын айтады.

Партияға, мекемеге қызмет етті, жұмысбасты болды. Ал қазақтың дүниетанымында «Әке-асқар тау». Әкенің беретіні тірек, қорған. 90-шы жылдың балалары әкенің қамқорлығын, ананың махаббатын сезгендері көп емес. Бала өмір сүруге қажетті қабілеттердің барлығын жинақтап өмірге келеді. Бұл баланы әлдилейтін анасы, ал қоғамдық орындарда, баланың өмірде қорғалуын қамтамасыз ететін, тірек болатын анасы емес, әкесі. Сондықтан әкенің баланың өмірінде рөлі тек материалдық жағдай емес. Жан, психология деңгейінде әкенің беретіні көп. Әкенің бала өміріне араласуы -оның адам болуының алғышарты, - дейді ол.

ҚР-дағы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен 3 қыз бен бір ұлдың әкесі. Ол өзінің әке тәрбиесіндегі тәжірибесі туралы былай дейді.

Бұл - жаңашылдықтар мен өсу-құлдыраудан тұратын қызықты саяхат. Біз балаларымызбен бірге өсеміз. Біз құлап, қайтадан тұруды үйренеміз. Бұл қиын болуы мүмкін, әсіресе бірінші рет, әсіресе сізде рөлдік модель болмаса – егер сіз бой түзейтін әке болмаса. Ең бастысы-балаларыңызбен көбірек уақыт өткізу керек. Мен тек бір бөлмеде болуды немесе теледидар көруді ғана емес, бір-бірімен сапалы уақыт өткізу қажетін де айтамын. Сізге шынымен ұнайтын нәрселерден бастау оңай. Кейбір әкелер үшін бұл спорт, ал басқалары үшін серуендеу немесе үй тапсырмасы болуы мүмкін, - дейді ол.

Осы тұрғыдан сайып келгенде әкенің де әкесі болуы керек деген ой қалыптасады.

Бұхар жырау «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін» дейді. Бала өзіне қорған болған әкесінің арқасында алшаң басып, бар шаруасын бітіріп, өмірде кездескен кез келген қамалды бұзуға дайын болады. Сондықтан біз бала тәрбиесінде әкенің қаншалықты маңызды рөл ойнайтынын білгеніміз абзал. Себебі бала тәрбиесіндегі әкенің орны ана тәрбиесінен кем емес. Осыған дейін дәстүрлі мәдениетте әкенің рөлі азық табу, отбасының қорғаны болумен ғана шектеліп, бала тәрбиесінен тысқары қалып жүрді. Қазір қоғамда ондай бөлінудің шекарасы жоқ.

Шын мәнінде, әке бала дүниеге келген соң алғашқы күндерден бастап оның тәрбиесіне толыққанды араласуы керек. Ана мен әкенің махаббаты - баланың қоғамдағы дұрыс мінез-құлқының кепілі. Екі тараппен де қарым-қатынас бала мінезінің негізін қалайды.

Әке - бала үшін қайрат пен салмақтылықтың, ер мінездің үлгісі. Үлгілі әке деген ұғым да бар. Мәселен, ұл бала өзін қалай ұстауы керегі жайлы жалпы көріністі әкесінен алады. 3-4 жастан бастап ұл бала әкесінің үлгсіне қарап өзін модельдейді. Ал жасөспірім кезінде бала үшін әке эталон болып қабылданады. Оның мейірімі мен қолдауы ауадай қажет болады. Себебі бала үшін әке басты үлгі болып есептеледі.

Енді «Әке көрген оқ жонар» деген мақалға қайта оралсақ. Отбасылық психолог Ерлан Мұстафин бала үшін рөлдік модель керек екенін айтады.

Қыз балаға да, ер балаға да әкесі рөлдік модель бола алады. Мысалы, қыздар үшін болашақ жар таңдауда, өзінің қыз болып ерекшеленуіне де әкенің рөлі маңызды. Психологиялық зерттеуге жүгінетін болсақ, ұл баланың күнделікті іс-әрекетінде өзіндік сезінуі әкенің тәрбиесіне, оның іс-қимылына байланысты болады. Сондай-ақ ұлтымызға тән қасиеттердің бар екенін, оның маңызды екенін де реттеу әкеге байланысты болады. Күнделікті өмірде әкенің балалардың анасымен қарым-қатынасы баласына көрсеткен өнегесі болып есептеледі. Бұл кей уақытта саналы, кейде бейсаналы қалыптасатын процесс. Жүріс-тұрыс пен мінез-құлықтың таптаурыны деген де бар. Таптаурын бейсана форматында қалыптасады, - дейді Мұстафин.

Зерттеулерде көрсетілетіндей, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген баланың отбасында осындай әрекет қайталануының 30 пайызға ықтималдығы артады екен.

Қыз бала болашақ жарын осындай әрекеттерге бейсаналы түрде итермелесе, ұл бала өз отбасында зорлық-зомбылықты жүзеге асыруы мүмкін. Бұған осындай қарым-қатынастың қалыпты жағдай ретінде қабылдануы әсер етеді. Қыздар үшін әке ерлердің мінез-құлқының үлгісі. Әйелдер интуитивті түрде әкесіне ұқсас жар таңдайды деген пікір де бар. Қыз әрдайым өзі өскен отбасындағы ана мен әкенің отбасылық моделін, қарым-қатынасын іздейді, қайталайды. Сондықтан әкенің қызға мейірімділікпен, қолдаумен, махаббатпен және құрметпен қарауы өте маңызды,- дейді психолог.

Баланы тәрбиелеудегі әкенің ерекше рөлі баланың денсаулығына қамқорлық, оның физикалық дайындығы, ептіліктің дамуы, төзімділік, жылдамдықты қалыптастыруға әсер етуі керек.

Баланың физикалық күшін дамыту, оны дәлдікке, ұйымдастырушылыққа, тәртіптілікке үйретуге де әке жәрдемдесуі керек. Баланың өзіне-өзі қызмет етуі және өзгелерге көмек көрсетуді үйретуде де әкенің рөлі маңызды.

Табиғатта да жануар өз баласын қатыгез ортаға, тіршілікте қалуы үшін озбыр әрекеттерге үйретеді. Әке де өз баласының қайсар, жігерлі болуы үшін тәрбиелеуі керек. Әрине, ана ондай әрекеттерге бармайды. Оның тәрбиедегі рөлі жұмсақ, жылы. Ол - аялау, әлпештеу. Ал әкенің рөлі болашақ өмірге дайындаумен ерекшеленеді. Әкенің балаға үйретері көп. Күнделікті ережелерден басқа, әлеуметтік дағдыларға үйрету, адами қатынас орнату сынды дағдыларды баласына сіңіре алса, бала әлеуметтік тұрғыда сәтті деңгейде болады. Ал ата-анасының зейіні жетпей қалуы сәтсіздікке ұшырайтын балаларды көбейтеді. Қазір өмір салты мен жұмыс басқа. Бірақ бұл ата-ананың өзінің баласымен айналыспауы керек деген сөз емес, - деді Ерлан Мұстафин.

Бала тәрбиесіндегі әкенің міндеті- жарымен бірлесіп, ұлы мен қызына оларды жақсы көретінін, қолдайтынын, қамқорлық көрсететінін үнемі білдіру. Осындай үрдіс жақын адамдар арасында жақсы қарым-қатынасты дамытады. Бала өз әкесін сыйлау үшін анасы да әке моделін балаға түсіндіріп отырғаны абзал.

Оскар Уайльд Оскар Уайльд «Есіңде болсын, ерте ме, кеш пе, сіздің ұлыңыз кеңестеріңізге емес, үлгіңізге ереді» дейді. Сондықтан ата-ананың балаға жақсы тәрбие беруінің астарында өздерінің жақсы адам болып қалыптасуы жатыр. Болашақ ұрпақтың адамгершіл, саналы, білімді болып қалыптасуы үшін әр адам өзінің жеке моделін дамытқаны құба-құп. Сонда ғана бақытты адам, бақытты бала, бақытты отбасы тізбегі толыққанды жүзеге асады.