Атырау облысында үш бала тілсіз жаудың құрбанына айналды. Қайғылы жағдай Ортақшыл ауылында болған, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Ауыл тұрғынының айтуынша, күшікті қуалап ойнап жүрген үш бала шөптің ортасына кірген. Ал қараңғы болған соң сіріңке жаққан көрінеді.
Балалар түн ортасында өртенген шөп арасынан әзер табылды. Қазір өртенген шөп қора қоршауға алынды.
Қайғылы оқиғадан ауыл халқы ес жия алар емес. Тұрғындар балаларды іздеп қуыс-қуысты, жыра мен тоғай арасын түгел тінтіген. Бірақ 7 және 9 жастағы балаларды таппады.
Олардың денесі өртенген шөптің арасынан шыққанда жұрт есеңгіреп қалды.
"Күшік шөптің арасына кіріп кеткен. Соның артынан жорғалап үшеуі кірген болар. Екінші, үшінші сынып оқитын балалар. Оларда ес жоқ қой, қараңғы болған соң сіріңке жаққан. Сіріңке жаққанда шөп лап ете түскен де, балалар шыға алмай қалған. Денелері табылды, бірақ 22 орам шөп жанған соң танымайсың, қап қара болып күйіп кеткен", - дейді ауыл тұрғыны Әділбек Ізғалиев.
Ал балалардың бірінің нағашы әжесі олардың қолында сіріңке болған айтады.
Сондай-ақ туыстары балалардың денесі табылса да, уақытылы хабар бермей, сабылтып қойған полицейлерге өкпелі.
"Жиналмаған шөп қой, балалар сол жерге барған. Үй иесі өрт біреу темекі лақтырып кеткеннен шықты деп отыр. Көрдіңіз бе? Енді оның неден болғанын білмей отырмыз. Сағат 5-ке дейін жиенім үйде болды. Қасындағы екі бала келіп, ойнауға шақырды. Жібермеймін дедім. Сол күні ентелеп тұрып алып кетті. Тек бір сағат ойнаймыз да қайтып келеміз деп қоймады", - дейді балалардың бірінің нағашы әжесі Алтын Әбенова.
Мамандар тергеу жұмыстарын бастаған. "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бабымен іс қозғалды.
"Қас қарайғандықтан уақытында хабарлау қиындық тудырды. Себебі ол жерге арнайы мамандар, сондай-ақ тергеу тобының қызметкерлері жұмылдырылды. Сот медицина сараптамасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің себебі сараптама нәтижелерінен соң ғана белгілі болады",- дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда Атырау облысы Махамбет ауданында жиналған шөп өртеніп 3 бала қайтыс болды.
Если вы считаете, что материал нарушает авторские права или содержит недопустимый контент — сообщите нам:
Оставьте ваш комментарий (будет видно Ваше имя):
Комментарии