Атырау облысында көшедегі дәретханадан нәресте табылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ATPress.kz сілтеме жасап.

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, бала туып, оны көше дәретханасында қалдырған әйелдің жеке басы анықталды.

"3 қазан күні Индер ауданында баласын дәретханаға тастап кеткен күдікті анықталды. Бала дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды" -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі сәбидің тірі екенін хабарлады.

"Бала Индер аудандық ауруханасының перзентханасына орналастырылды, бұл ұл бала. Балада дененің гипотермиясы болғандықтан, бірден жан сақтау бөліміне жатқызылды, тірі. Анасы 1990 жылы туған Индер ауданының тұрғыны. Ол аудандық аурухананың босанғаннан кейінгі бөлімшесіне жатқызылды", - деп нақтылады ведомстводан.