Өрт туралы хабар 26 қыркүйек 18:20-да түскен. Алматы облысы Қарасай ауданы Ақсай шатқалында "Радуга" саяжай қоғамынан 8 шақырым жерде, биіктігі 2000 метр таулы аймақта қылқан жапырақты орман төсемі мен құрғақ шөп жанып жатыр. Сонымен қатар алдын ала мәлімет бойынша 3 га алаңда ағаштар өртенуде.
"Өрт шыққан жерге дереу Алматы облысы ТЖД мен Ақсай орман шаруашылығының күштері мен құралдары жіберілді. 28 қыркүйек сағат 09.30-дағы жағдай бойынша шатқалда түтін байқалады. Қазавиақұтқару тікұшағы су шашып жүр", - делінген хабарламада.
Өртті сөндіру үшін жақын маңдағы аудандық бөлімшелер мен жергілікті әкімдік қызметкерлерінен қосымша топтар құрылған. Штаб ұйымдастырылды. Аэровизуалды бақылау үшін дрон жіберілді.
Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД 7 техникасы мен 25 қызметкері, Ақсай орман шаруашылығының 70 қызметкері мен 15 техникасы, ТЖМ 28237 ә/б 50 әскери қызметкері мен 2 техникасы, Қазавиаорманқорғау 10 қызметкері, сондай-ақ ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшағының 1 борты және 4 экипаж адамы жұмылдырылды.
ТЖ департаменті елді мекендерге қауіп жоқ екенін атап өтті. Ең жақын елді мекен – Қырғауылды ауылы 12 шақырым қашықтықта, ал "Радуга" бау-бақша қоғамы 8 шақырым жерде орналасқан.
Комментарии