Қазақстан Футбол Федерациясының ауыл футболына қатысты жаңалықтарына байлынсты арнайы сұқбат алдық. ҚФФ баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен "Ауылымның алаңы" атты жарыс жөнінде толық ақпарат берді.


1. "Ауылымның алаңы" атты жарыс ауқымды болғандықтан оған қаражат қажет. Жарыс барысында балалардың ауылдан ауданға, ауданнан облысқа келуге ауылда бөлінетін қаражат жоқ. Бұл жобаны жүзеге асыруда нақты қаражатты кім бөледі? Футбол Федерациясы ма, әлде бюджеттен бе? Нақты сома көлемі белгіленді ме?


Жарысты ұйымдастырып отырған Қазақстан Футбол Федерациясы болғандықтан қаражатты толықтай біз бөлеміз. Бюджеттен ешқандай қаржы алынбайды. Нақты сома көлемі әлі белгіленген жоқ. Қазіргі таңда жарыстың өту тәртібі, жарыстың өтетін орындары, ауылдардың қатысу мәселеллерін шешіп жатырмыз. Кемінде 10 күннің ішінде ұстанымы белгілі болады.

2. Астанада осы жобаның жетекшісі кім болады? Қанша адам жобамен айналысады?

Нұр-Сұлтан қаласында жобаның жетекшісі ҚФФ балалар-жасөспірімдер және қыздар футбол департаментінің директоры Сергей Мэлсұлы Кенетаев басқарады. Өзінің көмекшілерімен шамамен он шақты адам қатысады. Сондай-ақ әр облыстан федерация қызметкерлері жұмылдырылады.


3. Әр ауылдан жарысқа қатысу үшін бір ауыл балалары клубының өзіне киімінен бастап оларды арнайы жаттықтыратын жаттықтыушыға дейін қамтылу керек. Ол жұмыстарды нақты кімдер атқарады?

Жаттықтырушыға келсек, балаларға D категорясы бар қарапайым бапкердің өзі жеткілікті. Мектепте сабақ беретін денешынықтыру мұғалімі бапкер бола алады. Мектептен бөлек өзім бапкермін, өзім команда қатыстырамын деген ерікті болса да жарайды. Бір ауылдан екі-үш балалар футбол клубы қатысуына да болады.

Ауылдың ішінен жеңіске жетіп ауданға жолдама алған клубқа арнайы формамен федерация қамтамасыз етеді. Бұл жұмыстарды осы Футбол Федерациясы өздері атқарады. Ойынның жүру тәртібі, төрешілер болсын барлығын қаматамсыз етеді.

4. Ауыл балаларының келесі көктемде жарысқа қатысуда арнайы дайындық қажет. Ауылында жасыл футбол алаңшасы жоқ балалардан қандай талап күтпекпіз? Жасыл алаңша да оған дейін салына қоймайтыны анық? Бұл мәселені кім шешеді?


Бірінішіден, ҚФФ жасыл алаң салмайды. Жасыл алаң салатын ұйым емес. Бұл мәселе әкімшілік, министрлік, жергілікті билік арқылы шешілетін нәрсе. ҚФФ мемлекеттен ешқандай қаржы алмайтын қоғамдық ұйым болғандықтан мұндай мәселені шеше алмайды. Біз осы жоба арқылы жасыл алаңшасы жоқ ауылдарды әкімдіктерге көрсетеміз деп отырмыз. Ал, ойын кезінде 10 ауыл қарайтын бір ауылдық округтің жағдайы жақсы, жасыл алаңшасы бар жерде финалдық ойындарды өткіземіз.

Жасыл футбол алаңшасын біз әлемдік деңгейде қараймыз. Өздеріңіз білсеңіздер Сербияда қандай жағдай, өзім көріп келген адам ретінде айтсам Бразилияда жасыл алаң кез келген ауылда жоқ. Топырақта, құмның үстінде ойнап жүрген Роналдиньолар футболдан тәлім тәрбие алып жоғарғы деңгейге көтеріліп, талантының арқасында шығып жатыр. Біздің талабымыз ең бастысы физиологиялық, дене тұрғысынан, допқа икемділігі жағынан талантты балаларды табу. Соларды әр облыстағы футбол орталықтарына тегін оқуға орналастыру. Мысалы, Бейнеу деген ауылдан талантты бала шықса, ол «Каспий» футбол мектебіне оқуға тегін түседі. Ең болмаса шалғай жерде жатқан ауыл балаларын қаладағы оқу орындарына түсірге жол ашу. Мақсатымыз талабы, таланты бар балаларды бапкерлерге, қоғамға көрсету.

5. «Ауыл Футбол» жобасы жайлы естіген боларсыз. Бұл жоба ауыл балаларына қолдау көрсету мақсатында екі жылдан бері жүріп келе жатыр. Бұл сіздерге бәсекелес емес пе? Не болмаса федерация атынан қолдау таныту жоспарларыңызда бар ма?

Әлеуметтік желіден Серік Мәмбетов мырзаның «Ауыл Футбол» жобасын қарап жүрміз. Ешқандай бәсекелес деп айта алмаймын. Олар өздерінің жобасымен, біз өзіміздікімен айналыса береміз. Біздің ҚФФ ішінде 12-13 жастағы балалардың арасында бүкіл республикалық футбол орталықтары арасында жарыс бар. Футбол орталықтарының өз арасында да жарыстар өткізіліп тұрады. Жарыс көп болғаны өздеріне де, бізге де пайдалы. Футбол дами берсін, ауыл мен ауданды көтерейік. Бәсекелес, көре алмаушылық дегендер болмағаны жақсы. Футбол қазаққа ортақ дүние болғандықтан әр адамның істеп жатқан жұмысына тек алға дер едім.

ҚФФ әрқашан қолдауға дайын. «Ауыл Футбол» жобасының жетекшісі Серік ағамыз келсе, өз жобасын таныстырса, Сергей Кенетаевпен жолығып ақылдасып, талқылап бірлесіп жұмыс жасауға болады. Бұдан екі жақа да пайдалы болмаса, зияны жоқ.

Сұқбатыңызға рахмет!

Жазып алған: Мадина Сарбалаева, Алматы