Нұр-Сұлтанда жолаушылар тасымалдайтын автобустарда, базарларда және басқа да адамдар көп жиналатын жерлерде жүретін қалта ұрылары ұсталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қалалық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Тәртіп сақшылары мәліметінше, бірнеше рет сотталған 27 және 33 жастағы күдіктілер елордаға Семейден келген.

"Полицейлер олардың қала аумағында бір айда сегіз қалта ұрлығын жасағынын дәлелдеді. Қала тұрғындары арыз түсірген. Барлық жағдайларда қаскүнемдер бір схема бойынша әрекет етті: қоғамдық көлікте, базарларда, сауда үйлерінде және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде алдын ала таңдалған адамға жақындап, тұрғындардың ұялы телефондарын ұрлап кеткен", - делінген хабарламада.

Ұрлық оқиғаларының бірі Момышұлы даңғылы бойында болған. Полиция мәліметінше, күдіктілер кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнен құны 300 мың теңгеден асатын iPhone 11 ұрлап алған.

Сонымен қатар, Абылай хан даңғылындағы аялдамада күдіктілер қыздың қалтасынан 550 мың теңге тұратын iPhone 12 ұрлап кеткен. Автобус салонынында күдіктілер жолаушының тағы бір айфонын ұрлап кеткен.