Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар бойынша статистиканы түзеп, жаңартылған деректерді ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Расталған мәліметке сәйкес, Қазақстанда пандемия басталғалы бері коронавирус пен пневмониядан 6 523 адам қайтыс болған. Жалпы көрсеткіш бұрын айтылған мәліметтерге қарағанда 1,5 мыңға жуық жағдайға көп.

Бұған дейін Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық жағдайды таныстыра отырып, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой COVID-19 жұқтырып қайтыс болғандар көрсеткіші ретінде төмендетілген сандарды көрсеткен болатын. Коронавирус туралы статистикалық суретте елде коронавирус расталған 4 095 адам және коронавирус белгілері бар пневмониямен ауыратын 863 науқас қайтыс болды деген мәліметтер көрсетілген.

Ведомство Денсаулық сақтау министрлігінің ресми ресурсында статистикалық деректерді жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.