11 ақпан күні Жамбыл облысы Шу ауданында жоғалып кеткен 23 жастағы Гүлдана Санақбайдың өлі денесі табылды. Сондай-ақ бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікті де қолға түсіп отыр, деп хабарлайды Aikyn.kz.

«2021 жылдың 14 ақпанында Шу аудандық полиция бөліміне Төле би ауылының тұрғыны хабарласып, 23 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы арызданған.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің қызметкерлері шұғыл түрде жедел-іздестіру шараларын бастады.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 99-бабымен (Адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді. Тергеп-тексеру барысында 29 сәуірде Шу өзенінен жоғалып кеткен азаматшаның күш қолдану белгілері бар мәйіті табылды.

Табылған дене жәбірленушінің туыстарымен танылды.

Қазіргі уақытта күдікті полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталды, сондай-ақ тергеу изоляторына қамаққа алынды.

Алдын ала тергеу барысында күдіктінің жәбірленушіге пышақ жарақатын салғаны, содан кейін қылмысты жасыру мақсатында денені Шу өзеніне тастағаны анықталды.

Қылмыстық іс бойынша сот сараптамалары тағайындалып, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты іске қатысты басқа мәліметтер жария етілмейді», – дейді Жамбыл облыстық Полиция департаменті ресми хабарламасында.

Жалпы Гүлдана Санақбайдың өлі денесі табылғаны туралы ақпар кешеден бері тарай бастаған болатын. Алайда құзырлы органдар ресми мәлімдемені бүгін жасады.

Сенімді дереккөзге сүйенсек, Гүлдана Санақбайдың өлі денесі Шу өзенінің бойындағы қамыстардың арасынан табылған. Ал күдікті ретінде бұған дейін де айтылған оның күйеуі ұсталып отыр.

Гүлдана Санақбайды іздеуге шығып, Тасөткел су қоймасында жоғалып кеткен Жұмағали Әбдірахмановқа қатысты еш хабар жоқ. Оның денесі әлі күнге табылмады.