Өткен жылы еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 200-ден астам шенеунік қызметінен босатылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні Үкімет бекіткен Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы іске асырылуда. Жол картасы жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді, өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға, тиісті мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды оңтайландыру жөніндегі шаралар кешенін көздейді. Қазіргі уақытта Жол картасына өзгерістер мен толықтырулар әзірленуде, олар еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруды, өндірістік кәсіпорындарда өндірісті басқару жүйесінде үздіксіз процесс болып табылатын, енгізілуі мен жұмыс істеуін бақылау енді жұмыс берушінің міндеті болып табылатын еңбекті қорғауды басқарудың заманауи жүйесін енгізуді көздейтін болады», делінген Үкімет басшысының орынбасарының жауабында. Сонымен қатар ол республика кәсіпорындарының Халықаралық Vizion Zero қауымдастығының тұжырымдамасына (жарақаттылық нөлге тең) қосылуы туралы ақпараттық науқан жалғасып жатқанына баса назар аудартады.

«Бүгінде Тұжырымдамаға республиканың 216 кәсіпорны қосылды. 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еліміздің 2 796 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. Республиканың кәсіпорындарында шарттық қатынастар аясында қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейін тік бақылау енгізілуде. Бүгінгі таңда республиканың 48 кәсіпорнында басқарудың тік моделі енгізілген. Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай: жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициентін 1000 жұмыскерге шаққанда 0,20-ға дейін төмендету; зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің үлес салмағын 20 пайызға дейін қысқарту күтілуде», - деді Ералы Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары ұсынған анықтамалық деректерге сәйкес, мемлекеттік бақылау нәтижелерінде анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың шамамен 28,8 пайызы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2020 жылдың соңында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 2 096 заң бұзушылықты анықтады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 1 234 материалды құқық қорғау органдарына жіберді. Олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды. Анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін қызметінен 207 лауазымды адам босатылды. Кәсіпорындарда еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу талаптарын қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 15 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды. Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша ішкі бақылауды қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамына кіретін 17 мыңнан астам техникалық инспектор жүзеге асырады. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты күйін жалпы бағалау және сертификаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғаудың кешенді шараларын өткізу мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік объект сертификатталды. Жалпы, қабылданған іс-шаралар өндірістік жарақат деңгейінің төмендеуіне алып келді. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде (2016-2020 жылдары) өндірістік жарақаттану саны 10,7 пайызға (1 683 адамнан 1 503 адамға дейін) азайған, оның ішінде қайтыс болғандар саны 16,2 пайызға (248 адамнан 208 адамға дейін) төмендеген.