ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметкерлері үшін жақын арада орындалуы тиіс сегіз міндетті анықтады, деп хабарлайды zakon.kz.


Ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіз қоғамдық орта құру. Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің нысандары мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ халықпен байланысты жалғастыру қажет, – деп атап өтті министр.
Құқық бұзушылық профилактикасы саласында:

* неғұрлым криминогенді учаскелерде стационарлық бекеттер орнату, сондай-ақ үйлердің аулаларында, саябақтарда, скверлерде жаяу патрульдеу есебінен «жұртқа жақын полиция» қағидатын іске асыруды қамтамасыз ету;

* қоғамдық орындарда, елді мекендерде және жолдарда полицияның жедел басқару орталықтарымен ықпалдаса отырып, зияткерлік қауіпсіздік жүйелерін дамыту бойынша шаралар қабылдау;

* учаскелік полиция пункттері желісін дамытуды қамтамасыз ете отырып, учаскелік инспекторлар қызметінің жарақтандырылуын арттыру;

* жол қозғалысы қауіпсіздігі мен жол инфрақұрылымын бақылауды күшейту;

* қылмыстық-түзеу мекемелерінде жаппай бейнебақылау енгізу.

Қылмысқа қарсы күрес мәселелері бойынша:

* қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасы мен ашықтығын жақсарту;

* киберқылмыспен күрес бөлімшелерін білікті IT-мамандарымен, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді іс-қимылды қамтамасыз ете отырып, қазіргі заманғы бағдарламалық-техникалық жабдықтармен нығайту;

* есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту, синтетикалық есірткілердің, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуының жолын кесу жөнінде шаралар қабылдау.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және қоғамдық қауіпсіздік осы міндеттерді тиісінше орындаған жағдайда қамтамасыз етіледі, – деп атап өтті ІІМ басшысы.

Ішкі істер органдарын реформалау шеңберінде жеке құрам саны 10,5 мың бірлікке, басшы лауазымдар саны 1,5 мыңға қысқартылғанын атап өту қажет.