Алматыда жедел жәрдем қызметіндегі тексеріс: істің мән-жайы белгілі болды

2021-04-13 12:18:13
Алматы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел жәрдем қызметіндегі құқық қорғау органдарының тексеруіне қатысты істің мән-жайын айтты, -деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның баспасөз қызметі Жедел жәрдем станциясы әкімшілігінің өтініші бойынша құқық қорғау органдары тексеру жүргізгенін мәлім етті.

«Жоспардан тыс түгендеу барысында қосалқы станцияларда дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі және нормадан көп екені анықталды. Мысалы, маска, қорғаныс экран, резеңке етік және басқасы. Мән-жайды объективті тексеру үшін жедел жәрдем станциясы әкімшілігі ақпаратты тиісті органдарға жіберді. Тексеру және тергеу нәтижелері бойынша шаралар қабылданады», - деп хабарлады ведомствадан.

Сонымен қатар, жедел жәрдем станциясында қызметкерлерге жалақы төлеу бойынша кешігулер жоқ екені айтылды.

Айта кетейік, Алматы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Светлана Сұлтанғазиева онлайн брифингіде прокуратура жедел жәрдем жұмысындағы заңбұзушылықтарға байланысты істі тергеп жатқанын айтқан еді.