Есік көлі мен Түрген шатқалына апаратын жол жабылды

2021-04-13 08:18:16
Алматы облысында туристер Есік көлі мен Түрген шатқалына бара алмайды. Туристік орындарға апаратын жол таудан тас құлап жатуына байланысты жабылды. Ақпаратты Tengrinews.kz тілшісіне Іле-Алатау ұлттық паркі растады.

Демалыс күндері (10-11 сәуір) аймақ тұрғындары мен қонақтарының бір бөлігі Түрген шатқалына, ал бір бөлігі Есік көліне барғысы келген. Алайда ұлттық парк аумағында тауға қарай 5 шақырым ғана жүре алған. Себебі әрі қарай қорық қызметкерлері жолды жауып тастаған.

"Олар бұдан әрі қозғалуға болмайтынын айтты, өйткені таудан тастар құлап, жолда қауіпті", - деді туристердің бірі.

Іле-Алатау ұлттық паркінің өкілдері бұған дейін өңірде нөсер жаңбыр жауғанын, нәтижесінде жолға тастар түскенін айтты.

"Түрген шатқалының 20-шақырымында да жағдай осындай: жол төсемі бұзылып, қоршауы сынған. Жол учаскесі "Жол-құрылыс басқармасы 13" балансында. Бірақ қазіргі уақытта олардың тарапынан ешқандай тазарту шаралары жүргізілмеді", - деді қорықтың баспасөз қызметіндегілер.



Ұлттық парк басшылығы Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігінен жолды тас пен топырақтан тазартуға көмектесуді сұрайды.

"Аудан аумағында жауын-шашынның түсуі мен жалғасуына байланысты, сондай-ақ ауа температурасының тұрақсыздығынан жақын күндері стихиялық көшкіндер болуы мүмкін. Осыған байланысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Есік көліне баратын жол жабылды. Экобекеттен төртінші шақырымға дейін ғана баруға рұқсат етіледі", - деп қосты Іле-Алатау ұлттық паркінің баспасөз қызметі өкілі.